«Бейбіт өмір іздеген босқындар саны артуда». БҚО-ның Ресеймен шектесетін ауданында 8 рет шекара бұзу дерегі тіркелген
Жәнібек ауданында шекарадағы қауіпсіздік мәселелері бойынша жиын өтті
Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиевтің төрағалығымен өткен аудан әкімдігі жанындағы шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қауіпсіздік мәселесі сөз болған, деп хабарлайды Halyq Uni порталының БҚО-дағы тілшісі.
Кеңесте ерікті жасақтарды мемлекеттік шекараны күзетуге қатыстыру, ауыл шаруашылық және үй жануарларының мемлекеттік шекара тәртібін бұзу фактілерінің алдын алу, биыл жасақталатын міндетті әскерге шақырушыларды орналастыру сияқты мәселелер талқыланған.
Аудандық «Шұғыла» газеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, Жәнібек ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, подполковник Қуанышбек Нүсіп шекара кеңістігін бұзудың алдын алу мақсатында республикалық арнайы шекаралық операция өткізілгенін мәлімдеген. Жәнібек ауданы бойынша шекара заңнамасына қатысты 8 құқықбұзушылық тіркелген.
«Соңғы уақытта жаһандық саяси, әскери жағдайдың тұрақсыздығына байланысты ҚР мемлекеттік шекарасының беріктігіне деген қатердің артқанын байқаймыз. Бұл арада Ресейдің Украина мемлекетінің аумағында арнайы әскери операция өткізуіне байланысты осы елден бейбіт өмір іздеген босқындар саны артуда. Осы орайда халқымыздың тыныштығын, мемлекетіміздің тәуелсіздігін қамтамасыз етуде қорған болып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе әрекет ету барлығымыздың Отан алдындағы борышымыз деп білемін», - дейді подполковник Қ.Нүсіп.
Еске сала кетсек, облыс орталығы Орал қаласынан 500 шақырым жердегі Жәнібек ауданы Ресейдің Волгоград және Саратов облыстарымен шекаралас. Еліміздің картасында батыстағы ең шеткі елді мекен – Жәнібектен бір шақырым жерде Ресеймен арадағы шекара бекеті бар. Ауылдың үстінен Ресейдің теміржолы өтеді, теміржол бекеті де көрші елге тиесілі.
Нұрлыбек Рахман, БҚО