×

«Мектеп директоры жағдайын да сұрамады». Екібастұзда соққыға жығылған оқушының анасы өзін «кінәлап» жатқанын айтты

Мектеп директорының міндетін атқарушыдан бастап бірнеше адамға сөгіс жарияланды

 Данияр Айтпайұлы 18.03.2022 | 09:41
скриншот: видео

Екібастұз қаласында мектеп аумағында екі оқушы төбелесіп, бірі екіншісін өлімші етіп сабаған. Білім беру мекемесі әкімшілігі шағымын сыртқа шығарғаны үшін жапа шеккен баланың анасын кінәлап отыр. Ал облыстық білім беру басқармасының басшысы бұл жайсыздықты әлеуметтік желіде талқыға салғандарды «диванда жатып сынағыштар» деп айыптауда.

Оқушылар арасындағы жанжал Екібастұз қаласындағы № 6 мектеп-лицейінде болған. 7-сынып оқушысы сыныптасын аяусыз соққыға жығыпты.

Осыдан екі апта бұрын болған дау енді ғана белгілі болып отыр. Жауапты мекемелерден тиісті әрекет болмаған соң, жапа шеккен баланың анасы полицияға арызданып, шағымын әлеуметтік желіге жазыпты.

«Мектеп әкімшілігі шағым жазғаным үшін өзімді кінәлай бастады. Қалай шағымданбаймын? Балам басынан қатты жарақат алған. Мұрны сынған. Ауыр соққыдан аузынан көбігі ағып, есінен танып қалған. Оқиға мектеп ауласында болса да, ұстаздардан, үлкендерден ешкім көмекке келмеген. Есесіне, балам таяқ жеп жатқанда 30 оқушы қарап тұрыпты», - дейді соққыға жығылған оқушының анасы.

Жапа шегуші тарап ұстаздардың немқұрайлығына ашулы. Оның айтуынша, екі апта өтсе де, мектеп басшылығы баласының денсаулық жағдайын білуге де жарамаған.

Балам тиісті ем-домын алып, емханадан шықты. Өкінішке қарай, мектеп директоры оның денсаулығын білу үшін де хабарласпады. Таң қалатын жағдай. Қазір бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, - дейді ол. 

Облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын растап отыр. Ал Екібастұз қалалық білім бөлімінің басшылығы аталған оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүріп жатқанын айтты. Оның нәтижесі бойынша мектеп директоры мен ұстаздарының әрекеттеріне тиісті баға беріледі.

Екібастұзда соққы көрген оқушыға қатысты оқиға бойынша аралық нәтиже айтылды. Екібастұз қаласы Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара Ахметованың айтуынша, мектеп директорының міндетін атқарушы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кезекші әкімшіге және қақтығысқа қатысқан оқушылар оқитын екі сыныптың сынып жетекшілеріне сөгіс жарияланған. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы төбелес себептері анықталып жатыр екен.

Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мектеп басшыларының жауапкершілігіне қатысты ресми пікір білдіруден бас тартты. Есесіне, соққыға жығылған баланың оқиғасына қатысты әлеуметтік желіде жазып, мәселенің анық-қанығына жетуге тырысқан журналистер қауымын «диванда жатып сынағыштар» және «рейтинг қуғандар» деп айыптап отыр.

«Мемлекеттік мекеменің басшысы ретінде қоғамдық пікірдің жетегінде кете алмаймын. Біреуге кінә арта салу – ең оңай іс. Бірақ бұдан мәселе оң шешіле қоя ма? Түйткілді тақырыпты жан-жаққа таратуға асыққан «шындық іздегіштер» мен «диванда жатып сынағыштар мұндай мәселеде бала тағдыры жатқанын естен шығарып алады. Ұстаз және адам ретінде төбелескен баланы да, әріптестерімді де жазалаудан аулақпын. Бұл мәселені бүге-шігесіне дейін талдаудан өткізу қажет. Таяқ жегендердің барлығы үнемі кінәсіз болып шыға бермейді», - дейді Дінислам Болатханұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама