2022 жылы Антикор Call-орталығына 27 мыңнан аса қоңырау келіп түскен
Жемқорлық туралы хабарлаған Атырау облысының тұрғыны 12 миллион теңгеден аса сыйақы алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Антикордың мәліметінше, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарын әшкерелеуге көмектескені үшін облыс тұрғыны 12,2 миллион теңге сыйақы алған. Бұл – параның жалпы сомасының 10%-ы.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, былтыр барлығы 40,6 миллион теңгеге 134 азамат ынталандырылған. Ең үлкен сыйақы көлемі Атырау және Қызылорда облыстарында берілді.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашуға жәрдемдесетін азаматтарды ынталандыру қағидаларына сәйкес, төлемдер азаматтар хабарлаған адамдарға қатысты сот үкімі шығарылғаннан кейін жүргізіледі.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат берушілердің толық құпиялылығын қамтамасыз етеді. Биыл 3 қаңтардан бастап азаматтардың бұл санаты куәгерлерді қорғау бағдарламасына түседі.
Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы кез келген азамат 1424 телефоны бойынша Антикордың Call-орталығына хабарлай алады немесе жұмыс күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін әр аумақтық департаменттің Antikor Ortalygy-на бара алады.
Айта кетсек, 2022 жылы Антикор Call-орталығына 27 мыңнан аса қоңырау келіп түскен. Оның ішінде жемқорлық құқық бұзушылық фактілері бойынша 233 хабарлама бар. 37 хабарлама бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, 18 іс сотқа жолданды, 20 ЕҚДБ бойынша тоқтатылды да, 25-і ведомстволық бағыныстылығы бойынша жолданды.
Өтініштердің көпшілігінде қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартпағаны үшін пара талап ету, өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны, «қамқорлық» көрсеткені үшін, мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар және лауазымды тұлғалардың басқа да заңсыз әрекеттер фактілері бар.