Бұл көшеге Назарбаев есімі 2017 жылы берілді
Алматы әкімдігі қаладағы Назарбаев даңғылының атауын өзгертуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алматы қаласы әкімі аппаратының тілдерді дамыту және ономастика бөлімі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның 25-5-бабына сүйеніп жауап берді.
Заңда жеке адамның есімімен аталған көше атауын ол атау берілген (өзгертілген) күннен бастап кемінде 10 жыл өткен соң қайта атауға, өзгертуге болатыны айтылған.
Айта кетейік, Алматы қаласындағы даңғылға Назарбаев есімі 2017 жылы қарашада берілді. Оған дейін Фурманов есімімен аталған.
Бұған дейін Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында Назарбаев даңғылын «Қаңтар» даңғылы етіп өзгерту ұсынылатыны айтылды. Қоғамдық кеңес мүшесі Әсет Наурызбаев бұл ойын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның сөзінше, негізі қоғамдық кеңес мұндай шешім қабылдамайды, тек ұсыныс білдіре алады. Ал атауын өзгертетін жергілікті мәслихат. Сондықтан қоғамдық кеңес солай шешкен күннің өзінде ол әлі көше атауы өзгереді дегенді білдірмейді.