×

Алматыда 775 миллион теңгеге салынған емхана құлағалы тұр

Іргетасы 5 жыл ішінде 10 шақты сантиметрге отырған

 Еркеғали Болатұлы 20.01.2023 | 11:31
фото: дереккөз

Алматыда 775 миллион теңгеге салынып, 2017 жылы пайдалануға берілген жаңа емхананың сапасы сын көтермейді. Ғимараттың қабырғалары жарылып, төбесі құлайын деп тұр. Алайда медициналық мекемені жөндеуге билік өкілдері асықпай отыр.

Дәрігерлер қабырғалары қақырап тұрған ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрап, әкімдікке бірнеше рет хат жазған көрінеді. Бірақ нәтиже жоқ.

Қорқыныш бар. Өздеріңіз көрдіңіздер, қанша см төмендегенін. Пациенттер де сыртынан көріп, кіруге қорқады. Әр қызметкер осы подвалға кіріп, киініп-шешінеді. Дәрі-дәрмек тұр, - деді «Астана» телеарнасына жауап берген қалалық №7 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ләззат Жұмаділова.

Қазір емханада 200 маман қызмет етеді. Олар тәулігіне 400-ге жуық науқас қабылдайды. Олардың бәрінің өміріне қауіп төніп тұр. Аурухана қызметкерлері өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жүргізген. Оған 4,5 жыл ішінде 1 миллион теңге жұмсалған көрінеді.

Төтенше жағдайлар департаментіне де, сейсмология институтына да хабарластық. Қағаздарына қарасақ, еш қауіп жоқ, пайдалана беруге болады дейді. Бірақ жыл сайын көріп отырмыз, ғимарат отырып жатыр. 5 жылдың ішінде 10 шақты сантиметрге отырған шығар, - дейді аурухананың бас дәрігері Манас Рамазанов.

Осы жағдайды бақылауға алған AMANAT партиясының бір мүшесі, қалалық мәслихаттың экс-депутаты Ерболат Қасымовтың айтуынша, емхана, аурухана, мектептер кем дегенде 10-15 жыл сапасы мінсіз болып тұруы керек. Ал 4 жыл ішінде қайта жөндеуден өткізу деген дұрыс емес.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама