Журналистерге қарсы жасалған қылмыс: президент тапсырма берді

Халық үні

Тоқаев құқық қорғау органдарына тапсырыс берушілерді анықтауды тапсырды

Фото: time.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы қылмыстарға қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Президент құқық қорғау органдарына журналистерге қарсы бағытталған бірқатар қылмыс бойынша мұқият тергеу жүргізуді тапсырды. Қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттің беделіне нұқсан келтіру үшін жасалған бұл заңсыз әрекеттердің орындаушылары ғана емес, тапсырыс берушілері де анықталуға тиіс», - делінген жазбада.

Айта кетейік, бұған дейін журналист Вадим Борейконың пәтерінің есігін белгісіз біреулер өртемек болғаны хабарланды. Бұл іске қатысты Алматы қаласы Бостандық ауданы полициясы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Оның алдында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Ulysmedia.kz порталына жасалған хакерлік шабуыл туралы жазды.

«Министрлік тиісті органдармен бірлесіп, бұл ақпараттық шабуылдың мән-жайын тексеріп жатыр», - деді министр.