×

Әйелдерді зорлау: Ішкі істер министрлігі Тоқаевтың сөзін жоққа шығарды

Ведомство жауабында қаңтар оқиғасы кезінде әйелдердің зорланбағаны айтылған

 Айнұр Шошаева 17.03.2022 | 16:30
коллаж: Halyq Uni

Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде әйелдердің зорланғанына қатысты айтқан сөзін жоққа шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Еске сала кетейік, 5 қаңтарда Қазақстан халқына жасаған үндеуінде президент жаппай тәртіпсіздік кезінде әйелдерге зорлық-зомбылық жасап жатыр деген болатын.

«Біздің сүйікті қаламызда құқық қорғау қызметкерлеріне жаппай шабуыл жасалып жатыр. Олардың арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Бұзақы топтар әскери қызметшілерді ұрып-соғып, көшеге жалаңаш шығарып, мазаққа айналдыруда. Әйелдерді зорлап, дүкендерді тонап жатыр», - делінген үндеуінде.

Әйелдерге жасалған зорлық туралы президент одан кейін республикалық телеарналардың біріне берген сұхбатында да айтты.

Осыған орай Halyq Uni тілшісі қаңтар оқиғасы кезінде қанша әйелге қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны және қазір қанша қылмыстық іс қозғалғаны жөніндегі сауалды Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне жолдады.

Бас прокуратура бұл сауалға Ішкі істер органдары жауап беретінін мәлімдеді. Ал ІІМ жауабында жоғарыда президент келтірген фактілерді жоққа шығарған.

Алматы қаласында және басқа да өңірлерде қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік барысында әйелдерді зорлау фактілері тіркелген жоқ, - делінген ведомствоның ресми жауабында.

Оған қоса, әлеуметтік желілерде қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда орталықтары мен дүкендерді тонағандардың арасында әйелдердің болғанын растайтын видеожазбалар тарады. Ал ІІМ баспасөз қызметі қаңтар оқиғасына байланысты қанша әйелге қылмыстық іс қозғалғаны жөніндегі сауалымызды жауапсыз қалдырды.

«Қаңтар айындағы оқиғалар бойынша қылмыстық іске тартылғандардың жынысы, нәсілі туралы деректер «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» ҚР заңына сәйкес жариялауға жатпайды», - делінген ІІМ жауабында.

Бұған дейін белгілі адвокат, «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі Айман Омарова Halyq Uni порталына сұқбат беріп, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде әйелдердің зорланғаны жайлы жауап берді.

«Тіркелгені туралы айтпай тұр ғой сол. Бермей тұр. Бірақ ондай әрекеттер болғанын біледі. Бізге әйелдер жазды. Ашық айтуын сұрасақ, айтпайды. Түрін көрсетпей, есімін жарияламағанның өзінде, қай жерде болғанын айтады ғой бәрібір. Соны туған-туыстары біліп қоюы мүмкін. Әңгіме сонда болып тұр. Бір әйел осындай жағдай болғанын жылап айтты. Күйеуі бар екен. «Айтпаймын» дейді. Бар. Алматыда», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама