×

Жауғашты түрмесінде отырған әйелді зорлаған мекеме қызметкеріне сот үкімі шықты

Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ

 Халық үні 19.01.2023 | 16:49
Фото: Тимур Батыршин

Алматы облысында түрмеде жазасын өтеп жатқан әйелді зорлаған мекеме қызметкеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Іле ауданы сотында азамат Б.-ға сот үкімі шықты. Ол «ЛА-155/4» мекемесі (Жауғашты түрмесі) бастығының кезекші көмекшісі кезінде қызметтік жағдайын пайдаланып, сотталушыны зорлады деп айыпталған. Оған қатысты қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («зорлау»), сондай-ақ қылмыстық кодекстің 146-бабының 1-бөлігі («азаптаулар») бойынша іс қозғалды.

Сот деректеріне сәйкес, 2021 жылдың 10 маусымында Б. қызметтік өкілетін және лауазымын пайдаланып, қызмет атқару кезінде сотталған адамды зорлаған.

Сотта сотталушы Б. кінәсін мойындамады.

Б.-ның кінәсі жәбірленушінің айғағы, сот талқылауы барысында зерделенген дәлелдер жиынтығы, оның ішінде сот-биологиялық және сот молекулалық-генетикалық сараптаманың қорытындысы негізінде анықталды, - делінген аудандық соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Прокурор соттан сотталушыны кінәлі деп тануды және ҚК-нің 120-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды және ҚК-нің 146-бабының 1-бөлігі бойынша 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындауды сұрады. Оны белгілі бір лауазымды 3 жыл мерзімге атқару құқығынан айыруды сұрады.

Сот үкім шығарған кезде сотталушының 6 баласы бар екенін жазаны жеңілдететін жағдай ретінде қарастырды, - делінген ақпаратта.

Адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы, өзі қабылдаған антты бұзуы жазаны ауырлататын мән-жай деп танылды.

Сот сотталушыны ҚК-нің 120-бабының 2-бөлігінің 5-тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныды және 9 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады. ҚК-нің 146-бабының 1-бөлігі бойынша 3 жылға бас бостандығынан айырып, 3 жыл бойы белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айырды.

ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігі негізінде 3 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырып, арнаулы атағынан айырып, 10 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза айқындалды, - делінген ақпаратта.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама