Halyq Uni логотип
×

Алматыдағы Назарбаев даңғылы «Қаңтар» деп аталуы мүмкін

Бұл туралы қоғамдық кеңес мүшесі Әсет Наурызбаев хабарлады

 Ербол Тұрымбет 19.01.2023 | 16:40
Алматыдағы Назарбаев даңғылы «Қаңтар» деп аталуы мүмкін
Коллаж: Halyq Uni

Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында Назарбаев даңғылын «Қаңтар» даңғылы етіп өзгерту ұсынылмақ. Қоғамдық кеңес мүшесі Әсет Наурызбаев бұл ойын әлеуметтік желіге жазды. Қала тұрғындарынан көптеген өтініш түсуі себепті осындай бастама көтеруге оқталған. Halyq Uni осы туралы толығырақ сұрап білді. 

Оның айтуынша, әлеуметтік желіде «Қаңтар» мәселесін талқылаған кезде үнемі қала тұрғындары «қаланың орталық даңғылы елдегі саяси оқиғаларға көп жағдайда кінәлі адамның атымен аталуы мүмкін емес» деп жазып жатады. Және басым көпшілігі ең дұрыс атау «Қаңтар» дегенге келіседі. 

Қаншалықты қабылданады дегенге келсек, бұл әлі талқыланатын мәселе. Түрлі позициялар бар, дауысқа салынады. Соның қорытындысы бойынша, қоғамдық кеңестің көше атауын ауыстыруға қалай қарайтыны анықталады, – дейді Әсет Наурызбаев. 

Оның сөзінше, негізі қоғамдық кеңес мұндай шешім қабылдамайды, тек ұсыныс білдіре алады. Ал атауын өзгертетін жергілікті мәслихат. Сондықтан қоғамдық кеңес солай шешкен күннің өзінде ол әлі көше атауы өзгереді дегенді білдірмейді.

Ал «қаңтар» оқиғасы құрбандарына арналған ескерткішке қатысты ойына келсек, әрқилы пікір барын айтады. Оның пікірінше, жалпы, мұндай ескерткіштің болғанының өзі жақсы. 

«Біз тіпті мемориалда курсанттар «Өз халқыма оқ атпаймын!» деп ант қабылдайтын болса деген ниетіміз бар. Бірақ ол кейінгі шаруа және құзырлы орындар шешуі тиіс», – дейді ол.

Бірақ, бәрібір де ескерткішті қайта жасау бөлек әңгіме деген ойда. Қазір Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау мәселесі әлдеқайда маңызды болып тұр. 

Көпшілік оған қарсы, мен де сондай ойдамын және қалада оның есімімен аталатын көшенің болғаны да дұрыс емес. Ал ескерткіш көркемдік құндылық. Сондықтан негізгі мәселе ол емес. Мәселе, Назарбаевтың саяси тұлғасында. Сондықтан оған Астана мәртебесінен айырып тастаған Алматы мен жылдар бойы қалыптастырған жүйесіне қатысты саяси бағасын беру керек. Сол үшін көше атауын өзгерту керек. Ал оған ең көп ұсынылып жатқан атау – «Қаңтар», дейді қоғам белсендісі.

Ал Тұңғыш президент саябағында тұрған Назарбаев ескерткішіне келсек, Әсет Наурызбаевтың пікірінше, оған да байыппен қарау қажет. Өйткені, ескерткіш те тарихтың бір бөлігі. Мысалы, Испанияда Франконың кім екенін бәрі жақсы білсе де оған ескерткіш қойылған. Біз де елімізде қандай масқара жағдай болғанын ұмытпауымыз керек. Қалай өмір сүргенімізді есімізден шығармауымыз керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама