Алматыда полиция журналистің үйін өртемек болғандарды іздеп жатыр
Көршілері бұл әрекетті белгісіз үш адамның жасағанын байқаған
Қазақстандық журналист Вадим Борейконың пәтерінің есігін белгісіз біреулер өртемек болған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
19 қаңтар күні түнгі сағат үште пәтерімнің есігін сыртынан жабысқақ құрылыс көбігімен бітеп тастады. Көршілерім бұл әрекетті белгісіз үш адамның жасағанын байқаған. Олар қашып кетті. Көбіктің жанғыш иісі бар. Қаскөйлер есікті бітеп, сыртынан өртегісі келген болуы мүмкін. Бірден 102-ге хабарластым. Өзімді таныстырып, журналист екенімді айттым. Болған оқиғаны кәсіби қызметіммен байланыстыратынымды да жеткіздім, – деп жазды журналист Instagram-дағы парақшасына.
Аталған дерекке қатысты Бостандық аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Оқиғаның мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ қаскөйлерді анықтау және ұстау бойынша шаралар қабылданады, – делінген ПБ хабарламасында.