Елімізде тозығы жеткен вагондар жолда әлі оншақты жыл жүреді

Еркеғали Болатұлы

2030 жылға дейін жаңаратын шығар, - дейді сала басшысы

фото: ашық дереккөз

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жиынында «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Марат Әлмағамбетов елдегі вагондардың 44 пайызы тозғанын айтты.

Ал Үкіметтен оны жаңартуға тиісті қаражат бөлінгенше, тұрғындар сол баяғы ескі-құсқы вагондармен 6-7 жыл сапарлай беруі мүмкін екен.

2030 жылға дейін жаңаратын шығар. Министрлік көмек берсе, биыл 61, келесі жылы 257 вагон аламыз, - деді Қанат Әлмағамбетов.

Жолаушылар тасымалындағы ушығып тұрған проблема бұл ғана емес. Тұрғындар соңғы кездері діттеген жеріне уақтылы жете алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Жолаушылар пойызы бұрынғыдай минуттап емес, 4-5 сағатқа дейін кешігуді шығарған.

Мысалы, өткен айда Астанадан Алматыға қатынайтын пойыз тіпті 15 сағатқа кешігіпті. Министрліктегілер мұндай мәселелердің барын жоққа шығармады. Ведомство өкілінің айтуынша, егер пойыз 1 сағаттан аса уақыт кешіксе, әр сағат үшін билет құнының 3 пайызы қайтарылады, ал 6 сағаттан аса уақыт кешіксе, мейрамхана вагондарында тегін тамақ беріледі. Бірақ мұндай кеңшілікті жолаушылар көрген емес.

Кешігулер ауа райының қолайсыздығына байланысты болды. Осы жылы 6 күн қатарынан қатты боран соқты. Бұл пойыздардың кестесіне әсер етті. Одан кейін ескі вагондардың салдары. Оларды желіден алып тастау да біршама уақытты талап етеді. Тиісінше, жолаушылар тасымалы кестесінің өзгеруіне әкеп соғады, - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов.