Жамбыл облысында жаңа мектебі бар ауыл оқушылары апатты жағдайдағы білім ұясында оқып жатыр
Ауыл тұрғындары қағазбастылықтың салдарын оқушылар тартып отырғанын айтады
Жамбыл облысында бастауыш сыныптағыларға білім беретін мектеп әлі күнге дейін көмір жағып отыр. Жуалы ауданына қарасты Ақтасты ауылының тұрғындары апатты жағдайдағы оқу ошағында балалардың маусым соңына дейін білім алуы екіталай екенін айтады.
Ал былтыр пайдалануға берілуге тиіс су жаңа мектеп есігі әлі күнге ашылмаған. Енді ақтастықтар «Балалар жылында» балаларға жайлы жағдай жасалуын талап етіп отыр.
Ақтасты ауылындағы шағын білім ошағы 80 жылдан бері көмір жағып келеді. Мұнда білім алатын бар-жоғы 13 оқушы (4 сынып) бар. Оларға бес мұғалім сабақ береді. Қыста қар құрсауында қалып, көмір түтіне тұншығатын мұғалімдер мектеп мәселесін 10 жылдан бері шеше алмай келеді.
«Мектеп құлап қала ма деп уайымдаймыз. Қабырғалары жарылып тұр. Апатты жағдайда. Жаңа мектеп соқты, бірақ 2 жылдан бері оның есігін ашпай отыр. ХХІ ғасырда мұндай жерде білім алу деген нағыз масқара ғой?! Қараңызшы, мынаны мектеп деуге келе ме?!», – дейді Ақтасты тұрғыны Пістекүл Құралбекова.
Саламат Айдарбекова есімді тұрғын апаттық жағдайдағы шағын ғана білім ошағының қыста көмірмен жылуы да қиын екенін айтты. Дұрыс жанбаған көмір бықсып жанып, мектеп іші көк түтінге оранады екен. Олар баласының қауіпсіз, қажетті жағдай жасалған мектепте оқығанын қалайды.
Аты мектеп болғанмен, заты - әбден тозығы жеткен үй. Мектеп іші қыста жылымайды, күн жауса шатырынан су сорғалайды.
Балалар білім ордасын мектебім деуге ұялады. Тұрқы мынау. Іші ыс сасиды. Қыста іші көк түтінге толып, есік пен терезе жиі ашылады, - дейді тағы бір тұрғын.
Ақтасты ауылында былтыр жаңа мектеп салынған. Білім ошағын әкімдік емес, жеке кәсіпкер салып берген. Кейін ол жаңа мектепті аукцион арқылы 72 млн теңгеге Жуалы аудандық білім бөліміне сатпақ болған. Алайда, әкімдіктегілер мектептің былтыр пайдалануға берілмеуін «кәсіпкер тиісті құжаттарын өткізуде кешігіп қалды» деп түсіндірді.
«Мектеп құнының 50 пайызы республикалық бюджеттен қолдау тапса болды. Облыстық әкімдікке құжаттардың бәрін өткіздік. Егер қос тараптан қолдау тапса, алдағы оқу жылында мектеп пайдалануға беріледі», - дейді Жуалы ауданы білім бөлімі басшысының орынбасары Ерназар Жүзбаев.