×

Кентау тұрғынынан қару-жарақ пен жарылғыш заттар тәркіленді

Сот-криминалистикалық және баллистикалық сараптама тағайындалды

 Динара Амантай 19.01.2023 | 10:21
Фото: polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері көлік жөндеу орталығының жұмысшысынан қару-жарақ пен жарылғыш заттар тәркіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері жұмыс орнында атыс қарулары, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар сақтаған тұрғынды анықтады.

«Нақтырақ айтсам, полицейлермен жүйелі жүргізілген іздестіру нәтижесінде күдікті ретінде Кентау қаласындағы көлік жөндеу орнында жұмыс істейтін жергілікті тұрғын анықталды. Ер адамнан Лидер ТТ травматикалық тапанша мен 5 патрон табылды. Әрі қарай тінту шаралары оның жұмыс орнында, яғни көлік жөндеу орталығында жүргізілді.

Жедел уәкілдер 12 калибрлі тегіс ұңғылы екі аңшы мылтығын, әрқайсысының салмағы 0,5 келі болатын 3 пакет түтінді ұнтақ, Байкал-Күзетші травматикалық тапаншасы, бір граната, 35 оқ-дәрі мен бір жарылыс қорапша тәркіледі. Осылайша жедел уәкілдер қарумен жасалатын қылмыстарға тосқауыл қою, заңсыз қару-жарақ сақтау дерегінің жолын кесуде кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Қазір ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.

Сот-криминалистикалық және баллистикалық сараптама тағайындалды. Күдікті қамауға алынды. Тәртіп сақшылары аталған азаматтың бұл қару-жарақты не мақсатпен сақтап жүргенін анықтап жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама