Ғани Бейсембаев баланың ата-анасына алғыс айтты
180 елдің мемлекеттік туын білетін 6 жасар оқушы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Астана қаласындағы мектептердің бірінің оқушысы, әлемнің 180 елінің мемлекеттік туын жатқа білетін 6 жасар Ерген Дүйсенбек Оқу-ағарту министрлігінде болып, еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаевпен кездесті. Кездесуге Ерген өзінің тулар жинағын әкеліп, зеректігін көрсетті. Сондай-ақ ол осы елдердің барлығына баруды армандайтынын айтты.
Мен әлемнің барлық мемлекетінің туын білемін, бірақ соның ішіндегі ең әдемісі – біздің елдің Туы. Мен есейгенде атақты адам болып, көк байрағымызды бүкіл әлемге танытып, көкке көтергім келеді, – деді 6 жасар Ерген Дүйсенбек.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 1-сынып оқушысы Ерген Дүйсенбекпен әңгімелесіп, оған грамота мен естелік сыйлықтар табыс етті. Министр Ергеннің ата-анасына ақылды және тәрбиелі ұрпақ тәрбиелегендері үшін алғыс айтты.