×

«ҚазАвтоЖол» лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ұзақ салынып жатқан құрылыс объектілеріне қатысты мәселелер зерделенді

 Динара Амантай 18.01.2023 | 17:27
Фото: Halyq Uni

ШҚО-дағы «Қалбатау-Майқапшағай» республикалық маңызы бар автомобиль жолын салу кезінде сыбайлас жемқорлық схемасы анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Былтыр Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленді. Оған өңір экологиясына, ұзақ салынып жатқан құрылыс объектілеріне, бағалы металдарды заңсыз өндіруге, жылыту маусымында көмір тапшылығына, жайылымдық жерлердің тапшылығына қатысты өзекті мәселелер кірді.

Осы салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және оларды жою мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтер мен сыртқы талдаулар жүргізілді. 4 мемлекеттік органның қызметінде сыртқы талдау және 12 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді. Олардың нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің себептері мен жағдайларын жою, бизнес-процестерді жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту, заңнаманы жетілдіру бойынша 128 ұсыныс енгізілді. 115 ұсыныс немесе 89%-ы орындалды.

Құрылыс саласындағы мониторинг барысында ұзақ салынып жатқан құрылыс объектілеріне қатысты мәселелер зерделенді. Мәселен, «Қалбатау-Майқапшағай» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 906-1091 шақырымын салу кезінде сыбайлас жемқорлық схемасы анықталды. Нәтижесінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО бойынша филиалы және «ҚазГерСтрой» БК» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Көші-қон саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау барысында көші-қон заңнамасына байланысты көптеген бұзушылықтар анықталды (жұмыс визаларын ресімдеу, ҚР-да болу мерзімдерін ұзарту және т.б.). Талдау нәтижесі бойынша ШҚО ПД көші-қон полициясы басқармасының бастығына қатысты мәселелерді оң шешкені үшін шетел азаматтарынан пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бүгінде ол қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Жайылымдық жерлер саласында жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталып, 100 мың гектар жайылымдық жер мемлекеттік меншікке қайтарылды.

«Бірыңғай сатып алу терезесінде» сатып алуды қадағалаудың арқасында 2 млрд 160 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама