×

Шымкенттік кәсіпкер 187 миллион теңгенің газқағарын әкімдіктің алдына шашып кетті

Енді әрқайсысы 36 мың тұратын 5 мың дана тауар мәселесі тек сот құзырында

 Еркеғали Болатұлы 18.01.2023 | 13:25
фото: ашық дереккөз

Шымкентте 187 миллион теңге тұратын 5 мың дана газқағар әкімдіктің алдында шашылып жатыр. Тендерді ұтып алған кәсіпкерден тапсырыс беруші әкімдік тауарды қабылдамай қойыпты. Ашуланған жеке кәсіпкер оларды шенеуіктердің алдына лақтырды.

Атқамінерлердің де өз уәжі бар. Айтуларынша, тауар уақытында жеткізілмей, келісімшартты біржақты бұзған. Сотқа да жүгініпті. Қос тарапты КТК тілшісі тыңдап қайтқан.

Бұлар әбден өздерінің тұрақты компанияларымен жұмыс істеп үйренген. Мемлекетке қайтарып отырған 60 миллион теңгем ешкімді қызықтырып жатқан жоқ. Бұлардың тек айтатыны – «сотқа бар, сотқа бар, - деп ашынды кәсіпкер Гүлсахар Гасанова.

Айтуынша, ол 187 миллион теңге шығындап, қажетті 5 мың дана газқағарды сатып алғанын бірнеше айдан бері дәлелдей алмай жүрген көрінеді. Сондықтан кеше тауарын көрсету үшін әкімдікке барып, шенеуніктердің алдына тастаған.

Сенде противогаз жоқ деп жатырсыздар. Міне, көріңіздер, алыңыздар! Екінші рет маған ұялмай «сенде тауар жоқ» демеңіздер, - деді кәсіпкер.

Ал тапсырыс бергендердің айтуларынша, тауар дер кезінде жеткізілмеген. Сондықтан олар әкімдік тарапынан келісімшартты біржақты бұзып, сотқа жүгініпті.

Бұл кісілердің 2022 жылғы келісімшарты бойынша соттың шешімі шықсын. Егер біздің тарапқа төлеп берсін, осылардың тауары алынсын деп шешім шықса, біз өз тарапымыздан заңға сәйкес төлеп, тауарын аламыз, - деді қала әкімдігі аппараты мамандандырылған базасының басшысы Ердәулет Құрманғазы.

Түрлі төтенше жағдайға дайын болуымыз керек деген Шымкент қаласының әкімдігі бірер күннен кейін тағы 4 мың газқағарға конкурс жарияламақ. Бірақ шенеуніктер оларды дайын тауарын өткізе алмай жүрген кәсіпкерден үзілді-кесілді алмаймыз деп отыр.

Осылайша, әкімдіктің өзі сұратып, тіпті конкурс жариялаған газқағары енді ешкімге керек болмай қалды. Тіпті алдына алып келсе де алудан бас тартты. Енді әрқайсысы 36 мың тұратын 5 мың дана газқағар мәселесі тек сот құзырында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама