«Үйге сыймай жатырмыз»: Алматыда үшем босанған ана бес баласымен баспанасыз жүр
Үшем дүниеге келгенде әкімдік өкілдері баспана береміз деп уәде етіпті
Алматыда көпбалалы отбасы далада қалмақ. Қазір жанұя жатақхананың аядай бөлмесін паналап отыр, деп хабарлайды Астана арнасы.
Айтуларынша, отбасында үшем дүниеге келгенде әкімдік өкілдері баспана береміз деп уәде етіпті, бірақ сөзінде тұрмаған.
Айжан Самат – 5 баланың анасы. Осыдан 4 ай бұрын үшемді дүниеге әкелген. Айтуынша, перзентханадан шыққан күні әкімдік өкілдері отбасын құттықтап келген, нәресте арбасын табыстаған. Сондай-ақ,«екі бөлмелі пәтерді сыйға береміз» деді дейді. Бірақ содан бері тым-тырыс қалғанын айтады. Қазір олар жатақхананың қуықтай бөлмесін 90.000 теңгеге жалдап өмір сүріп жатқан көрінеді.
«Коляскаларды әкімшіліктің жетекшісі алып келген кезде астындағы күзеттің бәріне айтып кеткен екен. Екібөлмелі пәтер береміз сіздерге деп, бәрі құттықтап. Енді бізде ойымызда сол болды – үйлі болу. 5 баламен мына үйге сыймай жатырмыз. Балаларға қиын болып жатыр. 3 айдың ішінде 3 рет больницаға түстік», – дейді көпбалалы ана Айжан Самат.
Отбасының көмек сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Тіпті, үй алу үшін кезекке де тұра алмайтын көрінеді. Себебі, ол үшін қалада кемінде 3 жыл тұрақты тіркеу талап етіледі.
«Барлық жаққа барсаң, әйтеуір есік жабық тұрады қарапайым халыққа. Өкіметтен ешқандай көмек жоқ. Кейбір отбасылар айтады ай сайын продуктымызды әкеп тұрады деп. Ондай жоқ», – дейді Нұртаза Дүйсенбек.
Ал жергілікті атқамінерлер бұл отбасыға кім үй береміз деп айтқанын анықтай алмай дал. Сөздерінше, Заңда «дүниеге үшемдерді әкелуі» деген арнайы санат қарастырылмаған және оларға үй беруге әкімдік міндетті емес. Көпбалалы отбасыларға баспана арнайы тiзiмде белгiленген кезектілік тəртібімен ғана берiледi дейді.
«ҚР Заңнамасына қарай сүйенеміз. Тұрғын үй туралы заңына. Ол жерде көпбалалы отбасылар, социально уязвимые слои населения дейміз ғой, солар да бар. Очередьтің условиялары бар. Условиялардың көбісі - ол 3 жыл қаладағы пропискасы болу керек. Және 5 жыл аттарында үй болмауы керек», – дейді Алматы қалалық коммуналдық инфроқұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Қажин.
Көпбалалы отбасы тығырыққа тіреліп тұр. Олар паналаған жатақхана алдағы 1-2 айда жөндеу жұмыстарына жабылады. 5 баласы бар жанұя далада қалуы әбден мүмкін.