СҚО-да 20 адам «доңыз тұмауына», 4 адам «гонконг тұмауына» шалдықты
Эпидемиологиялық маусым басталғалы өңірде 29 581 адам ЖРВИ жұқтырған
Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық маусым басталғалы 30 мыңға жуық адам жедел респираторлы вирустық инфекцияға, 269 адам тұмауға шалдыққан.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, 1 қазан – жаңа эпидемиологиялық маусым басталғалы өңірде 29 581 адам ЖРВИ жұқтырған. Былтыр 18 мыңға жуық адам ауырған. Сондай-ақ биыл ауырғандардың 65 пайызы – 14 жасқа дейінгі бала.
14 қазаннан бері өңірде тұмау жұқтырудың 269 жағдайы тіркелді. Былтыр небәрі 35 адам ауырған еді. Биылғы 20 жағдай «доңыз тұмауына» қатысты. 4 адамға H3N2, яғни «гонконг тұмауы» диагнозы қойылды. Ауырғандардың 52-сі – жүкті әйел, 84-і – 14 жасқа дейінгі бала, – деді Әсет Жұматаев.
Бұл ретте тұмауды жұқтырғандардың басым бөлігі – Петропавл қаласының тұрғындары.
Эпидемиологиялық маусым басталғалы 16 қаңтарға дейін стационарларда ЖРВИ-мен 748 адам жатып, ем алып шықты. Олардың 96-сы – жүкті әйел, 599-ы – бала. Жалпы ауырғандардың 65 пайызы – балалар. Коронавирус инфекциясы кезінде мектептерде балалар қашықтан білім алды, балабақшалар жұмыс істеген жоқ. Салдарынан оларда тиісінше иммунитет қалыптаспады. Сондықтан қазір жиі ауыратын болған, – дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.
Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, стационарларда тұмаумен 10 адам жатты, тағы алтауы «доңыз тұмауынан» емделген.