Әйел жараланған, бала жансақтау бөлімінде жатыр
Рудный қаласында 44 жастағы ер адам көршісінің пәтеріне барып, есік алдына баласын көтеріп шыққан 32 жастағы келіншекке керосин шашып, өртеп жіберген. Кішкентай бала қатты зардап шекті. Бұл туралы Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков мәлім етті.
«Қазір бүлдіршін жансақтау бөлімінде жатыр. Денесінің 40%-тен астамын күйік шалған. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресуде. Әйелдің қолдары күйген. Ер адамның мұндай әрекетке баруына көршілер арасындағы жанжал себеп болғаны анықталды», - деді Ерлан Омарбеков.
Бұл жайлы хабарлама Рудный қаласының полиция басқармасына 16 наурызда жеткен. Аталған оқиға бойынша полиция адам өлтіруге оқталу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті қамауға алынды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.