«10-15 млн теңгеден асатын құлпытастар сұрайды». Елімізде мәйітті жерлеу бәсекеге айналды
Былтыр жерлеу рәсіміне төленген қаржы мөлшері 1,8 миллиард теңгеден асқан
Қымбатшылық жерлеу рәсіміне де жетті. Ел ішінде марқұмды соңғы сапарға аттандыру жоралғысына кететін шығын 2 есе өскен. Мұны естіген халық «ақшасы жоқ адамға өлуге де болмайды» деп ашынып отыр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Қазір желіні ашып қалсаң, діни рәсім жасаумен айналысатын агенттіктердің жарнамасынан көз сүрінеді. Солардың біріне хабарласқан тілшіге агенттік өкілі «өлген адамның жақындары тек дайынға ғана келетінін» айтқан. Тек 160 мың теңгесін төлесең болды.
Алайда жақынын соңғы сапарға шығарып салу рәсімі бұл 160 мыңмен де шектелмейді. Марқұмды жер қойнына тапсыру – бір бөлек, оған құлпытас орнату – тіптен бөлек әңгіме! Мәселен, жасыл түсті граниттен қойылған құлпытас қоршауымен 1 200 000 теңгеге барады. Оның өзі тапсырыспен 21 күнде дайындалады. Ал жай мәрмәрдан қойылатын құлпытас 500 мың теңгеге шығады.
Қарапайым адамдар негізінен арзан бағаға іздейді, қолжетімді. Енді ондай адамдардан бөлек, үлкен комплекс сұрайтындар көп келеді. 10-15 миллион теңгеден асатын тастар сұрайды, - дейді дизайнер Мейірбек Мұсабек.
Тіпті, діни талапқа сай тұрған төрт құлақты зиратты зәулім үй сияқты етіп, одан әрі үлкейткісі келетіндер де аз емес. Бірақ шырақшылар оларға марқұмның басқалардан ешқандай айырмашылығы жоқ екенін түсіндіріп әлек.
Баға қанша өссе де халық бәрібір жерлеу рәсіміне жүгінуге мәжбүр. Былтыр бұл қызмет түріне төленген қаржы мөлшері 1,8 миллиард теңгеден асқан.