×

«АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі жылу орталығының кесірінен 24 мектеп онлайн оқуға көшірілді

Мұғалімдер жылу маусымы басталғалы бойларының жылынбағанын айтады

 Еркеғали Болатұлы 17.01.2023 | 13:45
фото: exk.kz

Теміртау қаласында 24 мектептің оқушылары онлайн оқуға көшті. Сыныптар тым суық болғандықтан білім бөлімі осындай шешім қабылдауға мәжбүр. Ал ата-аналар бұған жаппай наразылық білдірді. Тұрғындар шаһарды жылумен қамтамасыз ете алмай отырған жергілікті жылу орталығының басшылары мен әкімдіктің лауазым иелерін жауапқа тартуды талап етіп жатыр.

Қазір ғимараттағы ауа температурасы небәрі 6-8 градус. Жиналысқа келген мұғалімдер қалың киініп алған. Олар жылу маусымы басталғалы бойларының жылынбағанын айтады.

Бұған дейін жылынды дегеннің өзінде 10-12 градустан аспайды. Балаларға қалың киінуге рұқсат бердік. Бұл мәселені қала әкімінің шешуі керек қой, - деді «Астана» телеарнасына жауап берген мұғалім Марина Грибанова.

Өткен аптада аязға байланысты балалар 4 күн бойы онсыз да қашықтан оқыған. Апта аяғында сыныптарына оралуға тиіс еді, алайда қалада жылудың нашар берілуіне байланысты олар сабаққа қатыса алмай отыр.

Әкімдік ештеңе айтпайды. ТЭЦ бізде тамаша дейді. Ал зардап шегіп жатқан – біз. Неге жылу жоқ десеңіз, ТЭЦ құбырларды ауыстырмаған. Магистарлды ауыстырғанмен үйлерде де онша жылу жоқ, - дейді қала тұрғыны Серік Бектұрғанов.

Жергілікті әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, қаланың «АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі негізгі жылу орталығы кесте бойынша 85 градус жылу беруге тиіс. Алайда қазір 67 градустан асыра алмай отыр. Оның үстіне шаһардағы 5 қазандықтың біреуі жұмыс істемейді.

Ал «Арселор МитталТеміртау» компаниясы өзіне тиесілі 5-қазандыққа қатысты ақпарат бермей отыр.

Жалпы, Теміртау қаласында 29 мектеп бар. Қазір соның бесеуі ғана жұмыс істеп тұр. Бұған наразы ата-аналар қаланы жылумен қамтамасыз ете алмай отырған жылу орталығының басшылары мен әкімдіктегі лауазым иелерін жауапқа тартуды талап етіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама