×

Алматыда дәрігерді өлтірген ер адам ұзақ мерзімге сотталды

Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады

 Динара Амантай 17.01.2023 | 11:46
Фото: ratel.kz

Алматыда гастроэнтеролог Юрий Шумковты өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айыпталушы азаматқа қатысты кәсіби қызметін атқару аясында болған адам өлтіру, қаруды ұрлау және заңсыз сақтау, қорқыту, адамға күш қолдану фактілері бойынша қылмыстық істі қарау аяқталды.

Сотта анықталғандай, ер адам гастроэнтеролог Шумковқа медициналық көмекке жүгінген. Артынша, тексеруден кейін ол өзінің денсаулығы нашарлады деп ойлап, дәрігерді өлтіруге шешім қабылдаған.

Осылайша, қылмыскер ұрланған аңшы мылтығымен Шумковты автотұрақта күткен. Марқұм көлікке отырған кезде алдынан келіп, оны атып тастаған. Содан кейін ол маңайдағы бір көлікке отырып, жүргізушісін өлтіремін деп қорқытып, өзін Алматы қаласының ықшамаудандарының біріне апаруға мәжбүрлеген. Сол жерде оны полиция қызметкерлері байқаған. Ұстау кезінде қылмыскер қарсылық көрсетіп, тапаншаның дүмімен полиция қызметкерлерінің бірінің басынан ұрған.

Сотталушы кісі өлтіргенін мойындап, алайда айыптаудың қалған бөлігінде оны ақтауды сұрады.

Сот үкімімен сотталушы адам өлтіру, ұрлық жасау және заңсыз қару сақтау, өлтіремін деп қорқыту және билік өкіліне күш қолдану бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот сотталушының кінәсін ішінара мойындағанын, әрі оның қарауында екі кішкентай баласының болуын жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Сондай-ақ сот жазаны ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін оның алматылық дәрігер Юрий Шумковты не үшін атып өлтіргенін хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтып берген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама