Halyq Uni логотип
×

Кісі өлтіру, адам саудасы және ұрлық: Қазақстанға экстрадицияланғандар туралы ақпарат жарияланды

Шет мемлекеттер бір жылда іздеуде жүрген адамдарды ұстау туралы 50 сұрауға жауап берді

 Халық үні 17.01.2023 | 10:30
Кісі өлтіру, адам саудасы және ұрлық: Қазақстанға экстрадицияланғандар туралы ақпарат жарияланды
Коллаж Halyq Uni

2022 жылы шет мемлекеттер іздеуде жүрген адамдарды ұстап беру туралы Қазақстан тарапының 50 сұрауын қанағаттандырды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Былтыр Бахрейн Корольдігі кәмелетке толмағандар саудасына, қыздарды Қазақстаннан Бахрейнге жыныстық пайдалануға жібергені үшін күдікті Пичугина ұстап берді, - делінген ақпаратта.

Сол сияқты «РБК Банкі» АҚ-ның 15 миллион АҚШ долларынан астам сомасын ұрлады деген күдікті В.Власов, қаржы пирамидасын («Qi TRADE Kazakhstan», «Выгодные займы») құрғаны және басшылық еткені үшін іздеуде жүрген С.Абсаметова, Б.Томин және Е.Шарифуллинді, сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында 1 миллиард теңгеден астам сомаға алтын материалдарын ұрлағаны үшін А.Тимаковты Ресей ұстап берді.

Трансұлттық ұйымдасқан топтың құрамында аса ірі мөлшерде алтын мен зергерлік бұйымдардың экономикалық контрабандасы үшін іздеуде жүрген Тастан Эбубекирді ұстап беру туралы сұранысты Қырғызстан қанағаттандырды, - делінген Бас прокуратура таратқан ақпаратта.

Атыс қаруын қолдану арқылы кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген О.Иссалы мен Б.Исабеков Тәжікстаннан экстрадицияланды.

Алаяқтық жолымен 288 миллион теңгені ұрлағаны үшін Қазақстанның құқық қорғау органдары іздеп жүрген А.Смалбаеваны Өзбекстан тарапы ұстап берген.

Айта кетейік, Қазақстанның Бас прокуратурасы қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша шет мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Қазақстан 34 мемлекетпен қылмыстық-құқықтық салада 72 екіжақты шарт жасасты. Олар:

  • қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы;
  • қылмыскерлерді ұстап беру туралы;
  • сотталған адамдарды беру туралы.

Қазақстан – құрамына Солтүстік және Оңтүстік Американың 27 елі кіретін 3 америкааралық конвенциялардың (ұстап беру туралы, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы, шетелде қылмыстық жазасын өтеу туралы) толық қатысушысы.

Қазір президент жарлығымен Перу Республикасымен барлық шарт, Малайзиямен ұстап беру туралы, Мысырмен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы және ұстап беру туралы шарттар мақұлданған және қол қоюға дайын.

Парламентте Франциямен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы және Өзбекстанмен сотталған адамдарды беру туралы шарттарды ратификациялау туралы заң жобалары қаралып жатыр.

Мысыр және Израильдік әріптестермен сотталғандарды беру, Аргентинамен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және ұстап беру, Португалия, Словакия, Латвия және Иранмен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы, ал Мароккомен барлық үш келісімге қол қою жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр, оған Бас прокурор басшылық етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама