×

Ақмола облысында шахтадағы үйінді астынан екі адамның мәйіті табылды

Ер адамның бірі бұрын шахтада жұмыс істеген

 Халық үні 17.01.2023 | 09:20
Фото: baseguru.livejournal.com

Ақмола облысында шахтадағы үйіндінің астынан екі адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыстық полицияның хабарлауынша, алтынды заңсыз іздеген екі адамның мәйіті Бестөбе кентіндегі жұмыс істемейтін шахтадағы үйінді астынан табылған.

Полиция қылмыстық кодекстің 269-1-бабы 3-бөлігі (күзетілетін объектіге заңсыз кіру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

15 қаңтарда Степногорск қаласының полициясына «Центральная» шахтасы кенішінің диспетчерінен кен үйіндісі астынан екі адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен.

Қаза тапқандардың жеке басы анықталды. Олардың бірі – Бестөбе кентінің 1986 жылы туған тұрғыны. Ол бірнеше жыл бұрын шахтада жұмыс істеген. Екіншісі – Степногорск қаласының 35 жастағы тұрғыны.

Куәгердің айтуынша, екі ер адамның мәйіті үйілген кен астынан табылып, кейін алтын іздеген басқа адамдардың көмегімен жер бетіне шығарылған.

Бұл факт ҚР ҚК 269-1-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді (қорғалатын объектіге заңсыз кіру). Тергеу жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама