«325 мың әйелдің жинағы жоқ, болмайды да». Депутат еңбек министрінің мәлімдемесін сынады

Ербол Тұрымбет

Аманжан Жамалов әйелдердің зейнет жасын әр балаға 2 жыл төмендетуді ұсынады

Фото: kapital.kz

Әйелдерге, әсіресе, аналарға зейнетке ерте шығу құқығын беру керек. Нақтырақ айтсақ, әйелдердің зейнеткерлік жасын әрбір туған баласы үшін екі жылға төмендетіп отыру қажет. Әрі мұндай құқықты пайдаланатынын немесе пайдаланбайтынын олар өздері шешуі тиіс. Өйткені әйелдердің көпшілігі үшін зейнетке ерте шығу денсаулығы мен өмірінің біраз жасын сақтап қалуға бірден-бір мүмкіндік. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов бұл ойын әлеуметтік желіде жариялады

Депутаттың бұл мәлімдемесіне еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың 13 қаңтардағы брифингте айтқан сөзі себеп болған. Министр «мәселе азаматтардың жинақтаушы қорындағы қаражатының көп болуына байланысты. Егер жинақтаушы қорында қаражат болмаса, еңбек өтілі болмаса, зейнетақы да өте төмен болады» деген еді. 

Депутаттың жазуынша, Қазақстанда мынадай үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қолданылады:

  1. бюджеттен төленетін базалық зейнетақы;
  2. бюджеттен төленетін ынтымақты зейнетақы;
  3. БЖЗҚ-дан төленетін жинақтаушы зейнетақы.

Әрбір қазақстандыққа базалық зейнетақыға кепілдік беріледі. 2023 жылға арналған базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 24 341 теңге.

Бұған қосымша, 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар зейнеткерлер ынтымақты зейнетақыны алады. Ынтымақты зейнетақының ең төмен мөлшері – 53 076 теңге. Соның нәтижесінде, 2023 жылы зейнетақының ең төмен мөлшері (ынтымақты + базалық) 77 417 теңгені құрайды.

Жинақтаушы зейнетақыға келетін болсақ, бұл реформа сәтсіз болып шықты.

БЖЗҚ салымшыларының 61%-ында 1 млн теңгеге дейінгі жинағы бар. Қазақстандықтардың басым бөлігінде БЖЗҚ-да жеткілікті жинағы жоқ әрі болмайды да. Өйткені, олардың жалақысы мен кірісі төмен. Бұған қоса, олардың онсыз да аз жинақтары БЖЗҚ-да құнсызданады. Соңғы 12 айда БЖЗҚ кірістілігі инфляцияның 20%-ға жеткеніне қарамастан небәрі 5,91%-ды құрады.

Енді БЖЗҚ сайтында орналастырылған зейнетақы калькуляторы бойынша шағын есеп-қисап жүргізіп көрейік. Мәселен, ең төмен жалақы 70 000 теңге болса, 63 жастағы әйелдің зейнетақысы небәрі 77 мың теңгені құрайды. Оның ішінде жинақтаушы зейнетақы – небәрі 28 мың теңге, яғни 35%. Ал егер ол 57 жасында зейнетке шықса, онда оның зейнетақысы 67 мың теңгеге дейін азаяды, яғни 5 жылдағы еңбек айырмасы небәрі 10 мың теңгені ғана құрайды, деп жазады депутат.

Бұл шартты есеп-қисаптан кірісі төмен әйелдер үшін зейнетақы мөлшерінде едәуір айырмашылық (57 мен 63 жас арасында) болмайтыны байқалады.

Осы жерде маңызды жайт, депутаттың пікірінше, 50-ден 60 жасқа дейінгі әйелдердің тұрақты жұмысы жоқ екенін және ешқандай зейнетақы жарналарын жасамайтынын түсіну керек. Бүгінде олардың саны Еңбек министрлігінің деректері бойынша 325 мың. Олардың жинағы жоқ әрі болуы да неғайбыл. Олар тек мемлекетке – бюджеттен төленетін базалық және ынтымақты зейнетақыға ғана үміт артады.