Тұрмыстық зорлық-зомбылық жиі тіркелетін өңірлер аталды
2022 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты полицияға 120 501 адам хабарласқан
2022 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты тұрғындар полицияға 120 501 рет хабарласып, хабарлама жіберген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Оның ішінде ең көп қоңырау Астана (11 302), Алматы қаласы (11 161) және Қарағанды облысының (9 963) тұрғындарынан түскен.
Бір жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты өңірлердегі қоңырау саны:
- Павлодар облысы – 9 655;
- Атырау облысы – 7 506;
- Жамбыл облысы – 7 302;
- ШҚО – 7 143;
- Қостанай облысы – 7 019;
- Түркістан облысы – 6 606;
- Ақтөбе облысы – 6 503;
- Алматы облысы – 6 210;
- БҚО – 5 001;
- Маңғыстау облысы – 4 446;
- Ақмола облысы – 4 401;
- Қызылорда облысы – 4 307;
- Шымкент – 4 236;
- СҚО – 4 180.
Салыстырмалы түрде қоңырау аз түскен өңірлер қатарында жаңадан құрылған үш облыс бар. Олар: Жетісу (1 802) , Абай (1 067) және Ұлытау облысы (505).
Ішкі істер министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 120 501 қоңырау мен хабарламаның ішінде 68 023 адам арыз жазудан бас тартқан. Бұл тізімдегі «үштікте» Алматы қаласы – 8 425, Астана – 7 403 және Қарағанды облысы (6 199) тұр.
Сотқа жолданған істердің саны небәрі – 52 478. Бұл жерде Шығыс Қазақстан облысы (5 496), Қостанай облысы (4 775) және Алматы облысы (4 352) «үштікте» тұр.
Қала, облыс | Хабарлама мен қоңырау саны | Арыз жазудан бас тартқандар саны | Сотқа жолданған іс саны | Татуласу бойынша тоқтатылған іс саны |
Астана | 11 302 | 7 403 | 3 899 | 2 109 |
Алматы | 11 161 | 8 425 | 2 736 | 2 327 |
Қарағанды облысы | 9 963 | 6 199 | 3 764 | 2 531 |
Павлодар облысы | 9 655 | 5 569 | 4 086 | 2 007 |
Атырау облысы | 7 506 | 5 151 | 2 355 | 1 237 |
Жамбыл облысы | 7 302 | 5 565 | 1 737 | 1 001 |
ШҚО | 7 143 | 1 647 | 5 496 | 2 129 |
Қостанай облысы | 7 019 | 2 244 | 4 775 | 3 008 |
Түркістан облысы | 6 606 | 3 304 | 3 302 | 1 605 |
Ақтөбе облысы | 6 503 | 3 423 | 3 080 | 1 938 |
Алматы облысы | 6 210 | 1 858 | 4 352 | 1 374 |
БҚО | 5 001 | 3 191 | 1 810 | 989 |
Маңғыстау облысы | 4 446 | 2 387 | 2 059 | 1 651 |
Ақмола облысы | 4 401 | 2 268 | 2 133 | 1 312 |
Қызылорда облысы | 4 307 | 2 501 | 1 806 | 1 009 |
Шымкент | 4 236 | 3 047 | 1 189 | 806 |
СҚО | 4 180 | 1 362 | 2 818 | 1 752 |
Жетісу облысы | 1 802 | 1 174 | 628 | 537 |
Абай облысы | 1 067 | 760 | 307 | 189 |
Ұлытау облысы | 505 | 384 | 121 | 70 |
Байқоңыр | 186 | 161 | 25 | 12 |
Ал тараптардың татуласуы бойынша іс ең көп тоқтатылған үш өңір: Қостанай облысы (3 008), Қарағанды облысы (2 531), Алматы қаласы (2 327).
Министрлік Ресейге жалға берілген Байқоңыр қаласы бойынша да деректер жолдады. Қалада бір жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 186 хабарлама түскен. Оның ішінде 161 адам арыз жазудан бас тартқан. Сотқа 25 іс жолданды, 12 іс тараптардың татуласуы бойынша тоқтатылды.
63 ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫ БАР
Ел бойынша тұрмыстық қиын жағдайға тап болған адамдар паналай алатын 63 дағдарыс орталығы бар. Олар елдегі барлық өңірде жұмыс істеп тұр. Ішінде 51 орталықта баспана қарастырылған.
2022 жылы дағдарыс орталықтарына 7,6 мың әйел балаларымен бірге жолданған.
Кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты іске тергеуші әйелдер тартылды. Қазір ел бойынша мұндай 280 маман бар.
ЗАҢҒА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛЕДІ
Қазір парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы қаралып жатыр. Соған сәйкес министрлік учаскелік полиция инспекторларына жәбірленушілердің арызы болмаса да, қорғау нұсқамасын (защитное предписание) шығаруға өкілет беру жөнінде ұсыныстар енгізді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны отбасылық бұзақының психологиялық қысымына ұшырайды, кейіннен өз өмірі мен отбасы мүшелерінен қорқып, жәбірленуші арыздан және оны одан әрі талқылаудан бас тартады, - делінген министрлік жауабында.
Егер аталған норма енгізілсе, құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуге ықпал етеді.
Заң жобасы арқылы құқық бұзушыларға қосымша жаңа шектеулер енгізіледі. Жәбірленушімен байланысқа түсуге тыйым салумен қатар құқық бұзушыларға атыс қаруын және басқа да қаруды сатып алу, сақтау, алып жүру және пайдалануға және алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынады.
Сондай-ақ ішкі істер министрлігі Бас прокуратураға отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік баптар (отбасыда ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру) бойынша санкцияларды күшейту бойынша ұсыныстар әзірлеп жолдады.
Бірінші – арыз жазбастан бұрын тұрмыстық құқық бұзушылықты анықтау сипатына көшу.
Яғни, жәбірленушіден шағым түсуін күтпей-ақ полиция одан бұрын тұрмыстық құқық бұзушылықты өзі анықтап іске кіріседі. Түпкілікті құқықтық бағаны сот шығарады.
Бұл полицияға жәбірленушілердің шағымы болмаса да (яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді.
Екіншісі – тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату. Зорлық-зомбылықты алғаш жасаған кезде «дебошир» сотта жәбірленушімен татуласуы мүмкін, ал әрекеті қайталанған жағдайда бұл құқығы алынады.
Бұл зардап шеккендерге «дебоширлер» мен басқа адамдардың психологиялық қысымын тоқтатуға мүмкіндік береді.
Үшіншісі: «ескерту» санкциясы қоғамдық жұмыстарға ауыстырылады.
«Жазаның бұл түрі айыппұл және қамауға алумен салыстырғанда ең тиімді саналады. Бұған көшелерді, қоғамдық жерлерді, қыста қарды тазалау, жол салу және жөндеу, қала аумағын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары, сондай-ақ қарттарға, мүгедектерге күтім жасау және әлеуметтік пайдалы бағыты бар басқа да жұмыс түрлері кіреді», - делінген ақпаратта.
Төртінші – отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша жазаны қатаңдату.
Осы мақсатта әкімшілік қамау мерзімінің төменгі шегін белгілеу (5 тәуліктен бастап), сондай-ақ құқық бұзушылық қайталанған жағдайда әкімшілік қамау мерзімін 20-дан 25 тәулікке дейін ұзарту ұсынылған.