×

Мектеп оқулықтарында «елбасы» сөзі қала ма – министрлік жауабы

Оқулықтар 5 жыл сайын жаңарып отырады

 Айнұр Шошаева 16.01.2023 | 16:48
Коллаж: Halyq Uni

ҚР Оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы мектеп оқулықтарындағы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Орталықтың мәліметінше, оқулық негізгі оқу құралы болғандықтан, оның мазмұны мемлекетке қатысты қажетті  мәліметтерді қамтиды. 

«Атап айтқанда, оқулықтар мазмұнында оқу бағдарламасында көзделген балалардың жас ерекшелігіне сәйкес мемлекеттік рәміздер, мемлекет басшысы, еліміздегі қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, қалалар мен территориялық  құрылымдар жөнінде ақпараттар беріледі», - деп мәлімдеді орталық. 

Бүгінде Қазақстан мектептеріндегі оқулықтар (1,2-сыныптардан басқасы) 2016–2020 жылдар аралығында басылып шыққан. 

«Бұл жылдары «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы өз күшінде болды, сонымен қатар Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың наурызына дейін Мемлекет басшысы болды. Сол себепті, оқулықтар мазмұнында бұл ақпарат бар», - делінген.

Сондай-ақ оқулықтардың 5 жылда бір рет жаңаратынын еске салды. 

«Тұңғыш Президентке қатысты мәліметтер соңғы жылдарда басылған 1,2-сынып (2021, 2022 жж.) оқулықтарында жаңарды. Ал қалған сыныптар бойынша екі жолмен тиісті өзгертулер енгізіліп, мәліметтер алдағы жылдары өзектендіріледі. Біріншісі – қосымша сатып алу кезінде, яғни бала саны мен оқулықтардың тозуына байланысты жаңадан сатып алынған оқулықтарда, екіншісі  қолданыстағы оқулықтар оқу бағдарламасының өзгеруіне байланысты жаңадан әзірленіп, басылып шыққанда. Аталған жұмыс ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асады», – деп қорытындылады Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама