Жамбыл облысында браконьерлер қорық аумағында ақбөкен аулаған
Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды
Жамбыл облысының полицейлері қорық аумағында ақбөкен аулағандарды ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мойынқұм ауданы табиғатты қорғау полициясының инспекторлары «Охотзоопром» өңірлік басқармасының өкілдерімен бірлесіп, «Аңдасай» ерекше қорғалатын мемлекеттік табиғи аумағында «Ақбөкен» республикалық акциясын өткізу барысында ақбөкен аулаған екі адамды ұстады. Олар Мойынқұм ауданының 23 және 24 жастағы тұрғындары болып шықты. Тексеру кезінде ұсталғандардан сойылған ақбөкеннің еттері, екі аңшылық тегіс ұңғылы мылтық, оқ-дәрілер және пышақ табылып, тәркіленді.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 337-бабы 4-бөлігімен («Заңсыз аңшылық») сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілер өз кінәсін толық мойындады. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.
Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 6 мың АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына салу, не 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.