×

Астанада өзін банкрот деп жариялауы мүмкін 85 мыңдай адам бар

Қарыздың кешірілмейтін 4 түрі бар

 Ербол Тұрымбет 16.01.2023 | 12:22

Мемлекеттік кредиттік бюроның 2022 жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметіне қарағанда елде 1 млн 61 мың азаматтың төлем мерзімі 12 айдан асқан. Соның ішінде Астана қаласы бойынша 84 861 адам қарызын жылдан аса уақыт бойы төлей алмай жүр. Оны Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Исабек Зауытбекұлы Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Исабек Зауытбекұлының сөзінше, олар банкроттыққа дайын тұр деген азаматтар. Дегенмен басқапқы жағдайда олар банкроттыққа сай келеді дегенмен, тиісті шарттары бойынша тереңірек тексеріледі. 

Ал борышкер құжаттарды өтірік жасап, құйтұрқылыққа баратын болса 200 АЕК (690 мың теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Одан басқа, банкроттық рәсімі жасалып жатқан кезде қандай да бір ақпаратты толық бермей немесе қате айтып, жасырған жағдайда 100 АЕК төлейді. 

Одан басқа сот арқылы рәсімделетін банкроттық пен төлем қабілетін қалпына келтіретін рәсім бойынша қаржылық басқарушылар бар. Сол қаржылық басқарушыларға да жұмысын адал жасау үшін 15 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 

Халықты уайымдататын мәселе – жалғыз баспана. Егер борышкердің жалғыз баспанасы болған жағдайда ол кепілге қойылған болса, онда кредитор оны алып қоюға құқылы. Егер жалғыз баспанасы кепіл болып саналмаса, онда кредитордың оны тартып алатын құқы жоқ, яғни борышкердің өзінде қалады. Ал енді жалғыз баспанасы өзінде қалып немесе кепілге қойылғандықтан оны банк тартып алып, сосын бар мүлкі сатылғанымен де кредитор алдындағы қарыз толық өтелмеген жағдайда несиенің қалған бөлігі кешірімге жатады, дейді Исабек Зауытбекұлы.

Мемлекеттік кірістер органы өкілінің айтуынша, кешірілмейтін де қарыздар бар. Алимент, адам денсаулығы мен өміріне зиян келтіру бойынша қарыздар, соттың шешімімен мемлекет пайдасына шығарылған қарыздар және қылмыстық құқықбұзушылық бойынша зиян келтірген шығын көлемі де кешірімге жатпайды.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойған еді. Заң 60 күннен кейін, яғни наурыз айынан бастап қолданысқа енеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама