Halyq Uni логотип
×

«Қайғырудың қажеті жоқ». ІІМ жүргізушілерге үндеу жасады

23 қаңтардан бастап шетелдік автокөліктерді жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеу басталады

 Дәурен Ерболат 16.01.2023 | 12:15
«Қайғырудың қажеті жоқ». ІІМ жүргізушілерге үндеу жасады
Фото: Halyq Uni

Бүгінде автомобильдерді тіркеуге қатысты мәселе бар. Алайда жүргізушілерге қайғырудың керегі жоқ. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, 23 қаңтардан бастап қазақстандықтар көліктерін 200 мың теңге төлеп заңдастыра алады.

Оларға қойылатын нақты өлшемшарттар төмендегідей:

  • 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін көлік Қазақстанға жеткізілуге тиіс;
  • Іздеуде болмауы қажет;
  • Басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуға тиіс;
  • Кедендік тазартудан өтуі керек.

Ережелер 2023 жылғы 1 шілдеге дейін күшінде болады және жеңіл көліктерге, шағын, орта автобустарға (салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автомобильдеріне (салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде оң жақты басқару органдары бар автокөліктерге қолданылады. Тіркеуге жататын шетелдік көліктердің жылына және экологиялық сыныбына талап қойылмайды, - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Жүргізушілер көліктерін заңдастыру үшін өтінішті «Электронды үкімет» порталы арқылы немесе мамандандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына (автоЦОН) барып бере алады.

Көлік иесі 4 құжатты ұсынуы шарт:

  • Өтініш;
  • Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
  • Көліктің паспорты немесе көлікті тіркеу туралы куәлік;
  • Көлікке меншік құқығын растайтын құжат.

Жүргізуші өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлікті автоЦОН-ның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынады. Салыстыруды ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисті жүргізеді. 2 күнде көлікті заңдастыруға болатыны-болмайтыны туралы шешім шығарылады, - деді басшы.

Көлік иесіне ақпарат уақытында жіберіледі.

Автомобиль тексеруден сәтті өткен жағдайда өтініш берушінің ұялы телефонына көлікті тіркеу үшін автоЦОН-ға келуі керектігі туралы хабарлама жіберіледі. Онда келгенде көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 мың теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж (4 313 теңге), сондай-ақ мемлекеттік нөмір (9 660 теңге) мөлшерінде алым төлейді әрі құжаттардың түпнұсқасын автоЦОН қызметкеріне тапсырады (шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжат). Тіркеу біткеннен кейін автомобиль иесіне Қазақстанның тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірлері беріледі, - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Алайда ол шетелдік көліктерді тіркеуге қатысты мәселе барын атап өтті.

«Біріншіден, бұл Армениядан жеткізілген көліктерге қатысты. Соңғы 2-3 жылда елімізде біраз армян автокөліктері тіркеуге алынды. Заңдастыру кезінде осы көліктерге қатысты мәселе толық шешіледі. Ішкі істер министрлігі аталған автомобильдерді Армениядан тіркеуден шығару үшін біраз іс-шара өткізіп жатыр. Екіншіден, қосалқы бөлшектер ретінде Қазақстанға әкелінген көліктер бар. Олар республикада қолданылып жатыр. Қазір олар бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы.

Сондай-ақ ол қазақстандықтарды сабырға шақырды.

Әрбір көліктің иесі автомобилін заңдастыруы үшін көлікпен бірге құжаттарын алып, автоЦОН-дағы тіркеу бөліміне келуге тиіс. Онда барлық құжатты зерделеп, көлікті тексеріп, кейін әр автомобиль бойынша жеке шешім қабылдаймыз. Қазір бұл мәселе үшін қайғырудың қажеті жоқ.

Мәселе толық қаралады. Жалпы Ішкі істер министрлігі президент тапсырмасына сәйкес, Қазақстан азаматтарының бүгінгі проблемасын шешуге бар күшін салады», - деп түйіндеді ол сөзін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама