Halyq Uni логотип
×

Ақтөбеде жолаушыға тамақ бермеген әуекомпанияға 612 мың теңге айыппұл салынды

Олар тәуліктің кез келген уақытында барлық қызметті ұсынуға дайын болуға тиіс

 Еркеғали Болатұлы 16.01.2023 | 10:40
Ақтөбеде жолаушыға тамақ бермеген әуекомпанияға 612 мың теңге айыппұл салынды
фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде рейсі кейінге қалдырылып, әуежайда қалған жолаушыға тамақ берілмегендіктен, әуекомпанияға айыппұл салынды, деп хабарлады «Диапазон».

Оқиға өткен жылы болған, бірақ сот істі жақында қарады.

«Qazaq AIR» әуекомпаниясының рейсі Ақтөбеден елордаға 4 сағат 40 минутқа кешіктірілген. Кешіктірілген рейстегі жолаушылардың бірі компания қызметкерлерінен тамақ пен сусын беруді сұраған. Бірақ олар мән бермегендіктен жолаушы мемлекеттік органға шағым түсіреді.

Нәтижесінде «Qazaq AIR» әуекомпаниясына «тасымалдаушының кінәсінен рейс тоқтатылған немесе кешіктірілген кезде жолаушыға қызмет көрсету жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Әуекомпаниясының өкілі істі тоқтатуды сұрады және дәлелдер келтірді.

Компания өкілдері күндізгі уақытта рейстің кешіктірілетінін алдын ала хабарлап, тамақ пен сусын беру туралы хабарландыру жасаған. Алайда әлгі жолаушы түн ортасынан кейін, сағат 00:40-та тамақ сұраған. Бұл кезде әуежайдағы дәмхана жабық болған. Яғни, ол уақытта тамақ алуға мүмкіндік болмаған.

Сот бұл дәлелдерді назарға алмады. Судья әуекомпаниялар жолаушыларды тәулік бойы тасымалдайтынын, яғни рейс кешіктірілген кезде тәуліктің кез келген уақытында заңмен белгіленген барлық қызметті ұсынуға дайын болуға тиіс екенін және бұл әуекомпаниясының міндеті екенін атап өтті.

Әуежайда жолаушыны түнде тамақтандырмағаны үшін «Qazaq AIR» авиакомпаниясына 612 мың теңге айыппұл салынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама