«Хайуандықпен алып кетті»: Ақтауда оқушы қызды сыныптасы алып қашқан (ВИДЕО)
Олар қыз бен жігіт болып араласқан
Ақтау қаласындағы кәмелетке толмаған қыз өз жігіті ұрлады деген айыптаудан бас тартты деп хабарлайды polisia.kz.
6 қаңтарда қызымды еркінен тыс, хайуандықпен алып кетіп отыр. 18-ге толмаған балапаным менің. Полицияға барып іс қозғадық. Бірақ прокуратура 3 күннен соң істі жауып тастап отыр. Біздің заң қайда сонда, жасөспірімнің құқығы қайда?, – дейді анасы.
Бұл іске қатысты полиция департаменті арыз бойынша тергеу бастағанын айтқан. Алайда қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқтатқан.
«6 қаңтарда кәмелетке толмаған қызды үш жас жігіттің ұрлау фактісі бойынша видеролик тарады. Қыздың анасының арызы бойынша Ақтау қаласы полиция басқармасы тергеу бастады. Тергеу нәтижелері бойынша іс қандай да бір қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды», - делінген хабарламада.
Кәмелетке толмаған қыздың жауаптарына қарағанда, ұрлауды ұйымдастырған оның сыныптасы әрі досы болған. Олар қыз бен жігіт болып араласқан. Жігіт қызға одан әрі үйлену үшін ұрлау ниеті туралы бірнеше рет айтқан.
«Қыз өз жауабында сыныптасы және оның достары тарапынан зорлық-зомбылық немесе қоқан-лоққы көрсетілмегендігін атап айтты. Осындай жауапты жәбірленушінің сыныптасы және оның достары да берді. Құдаласуға қатысты келіссөздер жүргізілді, содан кейін қыз анасына қайтарылды», - деп толықтырды полиция.