Қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов 80 жасқа толды

Халық үні

Алматыда қоғам қайраткерінің мерейтойына орай Ұлттық кітапханада іс-шара өтті

Фотолардың авторы: Halyq Uni / Самат Құсайынов

Алматыдағы Ұлттық кітапханада қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, дипломат Мұрат Әуезовтің 80 жасқа толуына орай «Өткірдің жүзі» мерейтойлық кездесуі өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мерейтойға орай өткен іс-шараға мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мен Олжас Сүлейменов, Смағұл Елубай, Төрегелді Шарманов, Сағымбай Қозыбаев, Марат Сембин, Ермек Тұрсынов, Бигелді Ғабдуллин, Бақытжан Қанапьянов, Елдар Қонаев сияқты белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

ҚАБЫРҒА ГАЗЕТІН ШЫҒАРУДАН, ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЙРАТКЕРГЕ АЙНАЛҒАН

Мәдениет және спорт минстрі Асхат Оралов Мұрат Әуезовтің қолынан қаламы түспей, руханият пен мәдениетті дамытуға үлес қосып жүргеніне тоқталды.

«Кешегі Алаш арыстарының аманатын ауырсынбай арқалаған, ел мен жерге деген шексіз махаббатты ту еткен Мұрат Мұхтарұлы туралы көп нәрсе айтуға болады. Ол – күллі түркі әлеміне ортақ тұлға. Белгілі шығыстанушы, түркітанушы, көркемсөз шебері, қазақ дипломатиясының қайраткері Мұрат ағамыз асқар таудай әке танымынан нәр алған, ұлтқа деген шексіз сүйіспеншілікпен өскен. Оның салиқалы ғұмыр жолы өскелең ұрпақ үшін қашан да үлгі-өнеге. Тамырында тулаған ұлтшыл мінезі Мұрат Әуезовті «Жас тұлпар» ұйымында қабырға газетін шығарудан бастап, қабырғалы қайраткер тұлғаға айналғанға дейін еш тыным таптырмай келеді», - деді Асхат Оралов.

Сондай-ақ министр Мұрат Әуезовті жас буын ділмәр дипломат, терең пәлсапашы, ірі мәдениеттанушы ретінде танитынын айтты.

Жазушы Смағұл Елубай Мұрат Әуезовтің әділетсіздікпен күрескендердің алғы шебінде тұрғанына тоқталды.

Тұлғаға бас ию – парыз. Сонау 30 жылдары кеңестік-тоталитарлық режим өзімізді құртуға күш салса, ал 50 жылдардан бастап сөзімізді, тарихи жадымызды, руханиятымызды құртуға бет алып, жерімізді бөлшектегісі келді. Осы әділетсіздік қазақтың ұлтшыл жастарының түн ұйқысын төрт бөлді. Соның алғы шебінде Мұрат Әуезов тұрды. Оның ізіне шам алып түсті. Қудалауға да ұшырады. Бірақ жігері мұқалмады, - деді Елубай.

ҚОЛЫНАН ҚАЛАМЫ ТҮСПЕГЕН...

Жиынға Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев та қатысты. Ол Алматы әкімі Ерболат Досаевтың құттықтауын оқыды.

«...Осы белеске халқымыздың сый-құрметіне бөленген мәдениеттанушы, қоғам қайраткері ретінде жеттіңіз. Бұл – сіздің халық талғамынан шығып, рухани әлемін байытқан шығармашылық еңбегіңіздің жемісі. Әйгілі «Жас тұлпар» ұйымынан басталған қайраткерлік қалпыңыздан таймай елге үздіксіз пайдалы қызмет етіп келесіз. Елшілік қызмет атқарған кезіңізде еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға үлес қостыңыз. Жан-жақты тұлға ретінде білім беру мен мәдениет саласында бірқатар орталық азиялық жобаларға бастамашы болып, қазақ әдебиетінің жас шығармашылық күштерінің дамуына ықпал еттіңіз», - делінген қала әкімінің құттықтауында.

Сондай-ақ Мұрат Әуезовтің қазақ халқының тарихы мен мәдени мұрасын зерттеуге және сақтауға, жаңартуға орас үлес қосқаны айтылған.

Жиынға қатысқан «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов Мұрат Әуезовтің жас жазушылар мен таланттарға үнемі қолдау көрсететініне тоқталды.

«Мұрат ағамыздың өмірі мен шығармашылығы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің асыл мұрасын сақтауға, келер ұрпаққа жеткізуге арналды. Сонымен бірге Мұрат Мұхтарұлы Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени құндылықтарын зерделеу мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосты. Сексенге келген ағамыздың қаламы қолынан түскен жоқ. Одан бөлек, ағамыз жас жазушылар мен таланттарға ұдайы қолдау жасап, бағыт-бағдар сілтеп келеді», - деді Исламбек Салжанов.

Іс-шарада сөз сөйлегендердің арасында Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов те бар. 

«Мұраттың жас кезін, тіпті балалық шағын да жақсы білемін. Ол кезде мен де жас едім. Анасы Фатима Ғабитова да өте ақкөңіл кісі болды. Менің анамның да аты Фатима. Санжар Оразовтың да анасы Фатима. Мұрат інілері Болат Жансүгіров-Ғабитов, Азат Сүлеевке жақсы аға бола білді. Ол мені де тәрбиеледі. Мұрат Әуезов әкесі сияқты көп том кітап жазбаса да, ол біздің буынның қалыптасуына серпіліс әкелді», - деді Олжас Сүлейменов.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан сөзінде 2018 жылдан бері «Қазақ әдебиеті» газетінің жанынан «Жас тұлпар» қосымшасы шығатынын айтты.

Мұрат Әуезов іс-шарада жиналғандарға алғыс айтып, Абай туған жерге барғысы келетінін жеткізді.

Еліміздің мәдени тарихы бай. Меркіге бардым, ерекше шабыттандым. Сол сияқты Абай еліне де барсам деймін. Абайды зар замансыз түсіне алмайсың. Айтатын әңгімем көп. Абайлықтарға барып, сырласып қайтсам деймін, - деді Мұрат Әуезов.

Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Мерке ауданында туған. Ол – қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы.

Мұрат Әуезов 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің халық депутаты болып сайланды. 1992 жылы Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.