Halyq Uni логотип
×

Елордалық ерлі-зайыптылар жедел жәрдем, өрт сөндірушілер мен полицейлерді дүрліктірді

Былтыр Әкімшілік Кодекстің осы 438-бабы бойынша 300-ден аса адам жауапқа тартылған

 Еркеғали Болатұлы 13.01.2023 | 17:25
Елордалық ерлі-зайыптылар жедел жәрдем, өрт сөндірушілер мен полицейлерді дүрліктірді
фото: видеодан скриншот

Астаналық әйел күйеуіне ас үй плитасының жарылғаны түсірілген жалған видео жіберіп, басы бәлеге қалды. Күйеуі қорыққанынан барлық шұғыл қызметтерді шақырып үлгерген, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, қала тұрғыны ас үй пешін видеоға түсіріп, арнайы эффект көмегімен оны жарылғандай етіп көрсеткен. Кейін онысын күйеуіне хабарлама етіп жіберген. Ал ол барлық ісін тастап, жедел жәрдем, өрт сөндірушілер мен полицейлерді шақырып, үйге қарай жүгірген. Осылайша, ерлі-зайыптылар жауапқа тартылған.

Келіп түскен қоңырауға полиция қызметкерлері жедел түрде жіберілді. Алайда барған кезде бұл факті расталмады. Ер адамға арнаулы қызметтерді жалған қоңыраумен шақыртқаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 438-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, - деп хабарлады Астана қаласы ПД баспасөз қызметі.

Бейнеролик әлеуметтік желіде кеңінен тарап кеткен. Бірақ желі қолданушылары әйелдің бұл әрекетін сынап, ақылға қонымсыз деп айыптады.

Заңда пранктер немесе осындай сәтсіз әзілдерге арналған арнайы бап жоқ. Бірақ кез келген жалған қоңырау үшін қазақстандықтар Әкімшілік Кодекстің 438-бабы бойынша жазаланады. Былтыр бұл бап бойынша 300-ден аса адам жауапқа тартылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама