Halyq Uni логотип
×

Тараздағы толассыз жаңбырдан соң шатыры ашық тұрғын үй су астында қалды

Тұрғын үй шатырын жөндеу жұмыстары аяқсыз қалған

 Ұлдана Жұбай 16.03.2022 | 12:56
Тараздағы толассыз жаңбырдан соң шатыры ашық тұрғын үй су астында қалды
фото: Halyq Uni

Тараз қаласында әкімдік пен мердігер арасындағы келіспеушілік салдарынан көпқабатты үйдің тұрғындары су астында қалды. Былтыр желтоқсан айында мердігерлер қаланың 11-шағын аудандағы 30-шы үйдің шатырын жөндеу мақсатында ашқан. Алайда, жұмысты орта жолда қалдырып, үй төбесін ашық тастап кеткен. Салдарынан қыс бойы баспанадан қар суы өтсе, көктем келгелі жұрт жаңбырдан жапа шегіп отыр.

Шенеуніктер болған жағдайға келісімшарты бар мердігерді кінәлап отыр. Ал, мердігер «әкімдік ақша бермей, алдап соққанын» айтады. Сондықтан істі аяқсыз қалдыруға тура келіпті. Енді екі оттың ортасында қалған тұрғындар не істерін білмей дал.

«Мен бесінші қабатта тұрамын. Пәтерімнің сау-тамтығы жоқ. Өзім мүгедек жанды асырап отырмын. Жаңбыр жауған кезде, тоқтың екі тесігінен су ақты. Жалғыз өзім қайда барарымды білмеймін. Жүрейін десем, мына жерде тоқ тартады», - дейді қала тұрғыны Буадат Иманбекова.

Шатырдан шелектеп аққан су екінші қабаттың еденіне бір-ақ жеткен. Тұрғындар бұған қыстың күні шатырды ашуға рұқсат еткен әкімдікті кінәлап отыр.

Әкімге де, ЖКХ-ға да бардық. Жауапкершілік жоқ. Жанайқайымызды еститін құлақ жоқ. Үйде кішкентай балам бар, қария бар. Кімге керек бұл нәрсе? Қыс уақытында шатырды қалай ашады? Оның үстіне ешкім ашуға рұқсат берген жоқ, - дейді әуреге түскен Нұргүл Оразалиева.

Толассыз жаңбырдан бүлінген үй «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 27 млн теңгеге жаңғыртылуға тиіс болған. Тіпті, келісімшартқа отырған мердігер компания үйдің шатырын жабуға кірісіп кеткен. Дегенмен, әкімдік ақша бөлмегендіктен, жұмыс орта жолда аяқсыз қалған.

«Шатырды жөндеу үшін ашқанымыз рас. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бізге ақша керек. Оны беретін – әкімдік. Құжаттарымызды реттеп, әкімдікке өтінішпен 4-5 рет барған шығармын», - дейді мердігер Азамат Кәрібеков.

Мердігер бұл жағдайға қатысты «кінәсіз» екенін айтқанмен, әкімдіктегі үй құрылысына қарасты мекемесі мұны жоққа шығарды.

«Қаражат төлей алмаймыз. Себебі тұрғындардың қол қойған формасын әкеліп өткізуі керек. Жұмыс талапқа сай ма, тексеру керек. Содан кейін ғана қаражат төленеді», - дейді «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Бақтықали Жаңабаев.

Тұрғындардың шағымынан кейін мердігер жөндеу жұмыстарынан жауапкершілігіне алатынын айтты. Бірақ ол үшін әкімдік құжат жүзінде қаржыны аударатынын растауы керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама