Президент Ұлттық құрылтай құруды ұсынды
Ол бұны Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құру керек дейді
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құруды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Кеңесіп пішкен тон – келте болмас» деген сөз бар. Бабаларымыз ел тағдырын шешетін тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған. Ұлытау, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен басқосулар – соның айқын дәлелі. Киелі жиында айтылған кесімді сөзге алты алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз бірліктің даласы болған дала демократиясын жаңғыртуымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңес қызметін жалпы халықтың деңгейде жалғастырады, - деді мемлекет басшысы жолдауында.
Оның ойынша, жаңа құрылтай билік пен халық арасындағы дәнекерге айналады.
«Ол қазіргі қоғамдық кеңестің барлығын өз айналасына топтастырады. Құрамында барлық аймақ өкілдері болады», - деп толықтырды Тоқаев.
Бұған дейін «халыққа бос уәде емес, оң өзгерістер керек» деген еді президент.