Алматыда құбыр жарылды: бірнеше көшені су басты
Әкімдік апат салдарын тәулік ішінде жоюды жоспарлап отыр
Алматыда су құбыры жарылып, бірнеше көшені су басты, деп хабарлады қаланың коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.
Басқарманың хабарлауынша, Мыңбаев көшесі, 49 мекенжайында су құбырының жарылуына байланысты сағат 3:40-тан бастап солтүстік бағытта орналасқан көшелерді су басқан.
Әсіресе Әуезов көшесін су басқан. Су Райымбек даңғылына дейін жеткен, ол жерден суды мүмкіндігінше арық желісіне бұрып жатыр, - делінген ақпаратта.
Көктайғақтың алдын алу үшін «Алматы тазалық» МҚК қызметкерлері жол бойына 18 құмсепкіш көлік және тротуарларға төрт тротуар тазалаушы көлікпен көктайғаққа қарсы материал себуге кірісті.
Қала әкімдігі апат салдары тәулік ішінде реттелетінін айтты. Сондай-ақ көшеде көктайғақ болуы мүмкін екенін айтып, көлік жүргізушілеріне жылдамдықты азайтып, көлік арасындағы арақашықтықты ұлғайтуға кеңес берді.
«Аталған аумақтарды мүмкіндігінше айналып өтуге кеңес береміз. Жаяу жүргіншілерді тротуарлармен жүргенде сақ болуға шақырамыз», - делінген коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы таратқан ақпаратта.