Ақтауда өрт салдарынан бір әйел көз жұмды
Күйік алған тағы үш ер адам ауруханаға жатқызылды
Ақтауда техникалық қызмет көрсету станциясында өрт шығып, бір әйел қаза тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 12 қаңтарда Маңғыстау облысының ТЖД 101 пультіне сағат 18:20-да Ақтау қаласындағы техникалық қызмет көрсету станциялардың бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
Өрт кезінде 6 тұрмыстық газ баллоны жарылған. Өртті сөндіру барысында өз өмірін қауіпке тігіп, өрт сөндірушілер 17 газ баллонын шығарып үлгерді.
Өрт сағат 18:48-де сөндірілді. Оның ауданы 50 шаршы метрді құрады.
Оқиға барысында техникалық қызмет көрсету станциясының қызметкер әйелі қайтыс болды. Күйік алған тағы үш ер адам Маңғыстау облыстық ауруханасына жатқызылды.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Өртті сөндіруге 25 өрт сөндіруші-құтқарушы, 6 бірлік өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Оқиға орнында ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері де қызмет көрсетті.