Әйелдердің зейнет жасы әр бала туған сайын қысқара ма? – министрлік түсінік берді
Ведомство барлық зейнеткерді тиісті зейнетақы мөлшерімен қамтамасыз етуді көздейді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат әр туған баласы үшін әйелдердің зейнет жасын 2 жылға қысқартуды ұсынған еді.
Мысалы, 3 бала туған әйел зейнет демалысына 6 жыл бұрын шығады. Бүгінде әйелдердің зейнет жасын өсіруді тоқтатып қойғанда, ол 55 жаста зейнетке шығады. Ал әйелдердің зейнет жасы 63-ке көтерілгенде, ол 57 жаста зейнеткер атануға мүмкіндік алады, – деген еді Аманжан Жамалов Мәжілістің жалпы отырысында.
Назгүл Сағындықова осы ұсынысқа қатысты пікір білдірді.
1998 жылы Қазақстан жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Бүгінгі принцип бойынша әлеуметтік қамсыздандыруға мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы жауапты. Бізде жинақтаушы зейнетақы жүйесі бар. Егер әйел ерте зейнетке шықса, ол зейнет жасына дейін белгілі бір соманы жинап үлгермейді. Мысалы, әйелдің 5 баласы бар. Біз зейнет жасын 61-де тоқтаттық. Енді әр бала үшін (зейнет жасын, – автор) 2 жылға қысқартсақ, ол 51 жаста зейнетке шығады. Алайда әйел жеткілікті мөлшерде ақша жинап үлгермейді, - деді вице-министр министрліктің кеңейтілген алқа отырысынан соң.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде зейнетақы жарнасының 3 түрі бар.
«Бюджеттен төленетін базалық зейнетақы, міндетті зейнетақы, ерікті зейнетақы. Егер әйел 51 жасында зейнетке шықса, ол белгілі бір зейнетақы мөлшерін жинап үлгермейді. Сондықтан бұл мәселеге осы тұрғыдан қарау керек. Бүгінгі министрліктің ең басты міндеті – зейнет жасындағы барлық адамды зейнетақының жеткілікті деңгейімен қамтамасыз ету. Мысалы, әйелдер ертең зейнетке шықса, олар тек базалық зейнетақы алады. Оның мөлшері де көп болмайды», - деді Назгүл Сағындықова.