Шыршаны аулаға бейберекет лақтыра салғандар 70 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді
Оны тазалау тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мекемелердің міндетіне кірмейді
Петропавлда полицейлер Жаңа жыл мерекесінен кейін шыршаларды бейберекет лақтырып тастаған тұрғындармен күресуге көшті. Олар арнайы рейдке шығып, әрбір ауланы аралап жүр.
Енді қылқан жапырақты ағашты қоқыс жәшігіне тастағандар 70 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді. Өйткені мереке өткен соң кеуіп қалған табиғи шыршалар қаланың әр жерінде шашылып жатыр. Ал оны тазалау тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мекемелердің міндетіне кірмейді.
Сондықтан полицейлер тұрғындарға үйінен шығарылған шыршаларды қала сыртындағы қоқысқа өздері апаруы керектігін айтып, түсіндірме жұмысын жүргізді. Ескертпені елемегендерге хаттама толтырылып, айыппұл салынады.
Шыршаны әкеледі де тастап кетеді. Біз тұрғын үй кооперативінің қаржысын шығындап, өзіміз тасимыз. Өйтпесек, бізге айыппұл салады. Біреулер мерекенің сәнін келтіріп, үйіне шырша орнатады. Ал оның айыппұлын өзге тұрғындар қосылып төлеуіміз керек пе? - дейді тұрғын үй кооперативінің төрағасы Татьяна Васильева.