Былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2,5 мыңнан аса нәресте дүниеге келген
Елімізде жас отбасылардың 30-40 пайызы бала сүйе алмайды. Әйелдердің бедеулігі, ерлердің белсіздігі белең алып тұр. Соған байланысты жасанды ұрықтандыруға сұраныс артқан.
Қазір он жылдап бала сүйе алмай жүрген отбасы көп. Сарыла күткен сәби болмағасын ажырасуға бел буатындары бар. Сондықтан биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 7 мың квота бөлініп отыр.
Біз отбасын құрғаннан кейін сәби күтіп қаншама жыл жүрдік. Әрине, бірінші Алланың қалауымен, одан кейін осы ЭКО әдісімен 6 жыл дегенде аңсаған жүктілігімізге қол жеткізіп, былтыр ғана сәби сүйіп, ата-ана атандық. Қуанышымызда шек жоқ, - дейді тілшілерге ағынан жарылған алматылық Венера Ахметова.
Сондай-ақ 20 жылдан кейін егіз баланың ата-анасы атанғандар да бар, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
41 жастағы әйел егіз бөпелі болды. Бір ұл, бір қызы бар. 20 жыл бойы осы «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша кезекте тұрып, қосымша анализдерін тапсырды. 20 жылдың қалай өтіп кеткенін бімей қалып, осы біздің орталыққа келіп, ата-ана атанды, - дейді дәрігер-репродуктолог Әйгерім Дүйсенбаева.
Былтыр елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 2,5 мыңнан аса нәресте дүниеге келген. Қазір мамандар квота санының көбейгеніне қуанышты. Кезекті жылдап күткен ерлі-зайыптылар қазір 1 жылда, тіпті 2-3 айда квотаға іліге алады.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы 2021 жылы басталды. Сол кезде 7 мың квотадан 2 500-ден аса бала дүниеге келді. Ол – керемет көрсеткіш. Яғни әрбір екінші, үшінші әйел жүкті болды. Әлі олардың біраз қатырылған эмбриондары бар, креоконсервация жасалған. Сол 2021 жылғы квотадан әлі де біраз бала туады. 2022 жылғы квотадан қазір алғашқы балалар дүниеге келіп жатыр, - дейді «ЭКОМЕД» адам репродукциясы клиникалар тобының ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова.
Мамандардың айтуынша, біздегі жасанды ұрықтандыру клиникаларына шетел азаматтары да жиі жүгінеді екен. Себебі еліміздегі репродуктология қызметі қолжетімді. Алайда бағасы шарықтап барады. Дәрі-дәрмегін қоспағанда, 500-600 мың теңгеден басталады. Ал барлығын есепке кіргізсе, 1,5 миллион теңгеден асып түседі.