Атыраудағы атыс: Ауруханаға жеткізілген жас жігіттің қазіргі жағдайы айтылды
Төрт адамға оқ жаудырған 29 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды
15 наурыз күні сағат 22:10 шамасында Атырау қаласында болған атыс кезінде (тапаншамен) 1995 және 1999 жылы туған 2 адам қаза тауып, 1995 жылғы 1 адам ауруханаға жеткізілген. Күдікті оқиға орнынан бой тасалап қашып кеткен. Жедел-тергеу тобы оқиға орнында жұмыс жасау барысында сол маңнан тағы 1999 жылы туған ер адамның мүрдесін тапты.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 15 наурызда ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген 1995 жылғы азамат - Еркінқала шағын ауданының тұрғыны.
Оқ оның бас сүйегін жаралаған. Ота жасалды. Отадан кейін комада жатыр, жағдайы өте ауыр. Бас сүйегі, миы жарақаттанған. Сол жақ бас сүйегіне қатты зақым келген. Қазір жансақтау бөлімінде, дәрігерлердің бақылауында, - дейді басқармадағылар.
Үш адамның өліміне қатысты қылмысқа күдікті ретінде 29 жастағы Маңғыстау облысының тумасы ұсталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қайғылы оқиғаға азаматтардың арасында туындаған өзара келіспеушілік себеп болған.