Halyq Uni логотип
×

«Шамамен 300-400 ірі қара өлді»: Жамбылдық шаруалар министрлерді ауылға шақырды

Су тапшы болғандықтан шабындықта орарға шөп қалмаған

 Еркеғали Болатұлы 11.01.2023 | 12:30
«Шамамен 300-400 ірі қара өлді»: Жамбылдық шаруалар министрлерді ауылға шақырды
фото: видеодан скриншот

Жамбыл облысының шаруалары Экология мен Ауыл шаруашылығы министрлерін ауылдарына қонаққа шақырды. Айтуларынша, Сарысу ауданындағы су тапшылығынан өрісте өлген мал саны еселеп артқан, деп хабарлады 31 арна.

Шаруалардың айтуынша, су тапшы болғандықтан шабындықта орарға шөп қалмаған. Құрғақшылықтан жайылым да қураған. Енді олар 6 жылдан бері қыспаққа алған қуаңшылықтан қырылған төрт түліктің көбейгеніне қатты алаңдап отыр.

Досбол округында соңғы 2 жылда 300-400-дей ірі қара өліп қалды. Бұның басты себебі, су келмегеннен кейін неше түрлі мал ауруы тарайды. Содан мал өледі, паразит ауруынан, – деді Досбол ауылының тұрғыны Талғат Маханов.

Бұл ретте тұрғындар қуаңшылықты қолдан жасалды деп отыр. Айтуларынша, бар суды игеруге әкімдіктің икемі жоқ екен. Сарысудың сусыз солып бара жатқанын білу көп білімді талап етпейді.

Ал аудан басшылығы бұл мәселені бүгін білгендей. Жағдайды күнде көріп жүрсе де, шаруалар шағым айтпаған соң іске кіріспеген. Сондай-ақ олар өрісте өлген малдан ауру тіркелмегенін айтады.

Қазір Талас өзені бойындағы «Ойық су» торабынан кейінгі орналасқан су реттегіш құралдарды Сарысу ауданына дейінгі орналасқан «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынына Жамбыл филиалы теңгеріміне беру бойынша құжаттар дайындалып жатыр, – деп мәлімдеді Сарысу ауданы әкімнің орынбасары Қайрат Аманов.

Осылайша әкімдік бар шаруаны «ҚазСуШар» мекемесінің меншігіне өткізуге құлықты. Өйткені басқа шешім жоқ дейді. Ал шаруалар бұл мәселені кім шешсе де ертерек болғанын күтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама