Енді Антикор кәсіпкерлердің жұмысына әдейі кедергі жасайтын шенеуніктермен күреседі
Олардан түскен өтініш жіті қаралады
Биыл бизнестің дамуына кедергі келтіретін жағдайлар ерекше назарда болады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов айтты, деп хабарлады Антикордың баспасөз қызметі.
Президенттің нұсқауына сәйкес, шенеуніктер тарапынан кәсіпкерлікке заңсыз араласу және әкімшілік кедергілер жасаудан қорғау Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тұрақты бақылауында. Жұмыс бизнес-қоғамдастықпен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз қарым-қатынаста жүргізіледі. Процестің ашықтығы, мемлекеттік аппараттың бюрократиясы, артық талаптар қою, бизнесті ашу мен жүргізудің күрделілігі, заңнаманың жетілмегендігі – осының бәрі жемқорлық схемасын құруға айтарлықтай негіз болып саналады, - деді Олжас Бектенов жедел кеңесте.
Оның айтуынша, кәсіпкерлерді толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау және ашық диалог жүргізу, сондай-ақ аналитикалық құралдар арқылы проблемалардың себебі мен заңдағы олқылықтар анықталады.
Бизнестің мемлекеттік инстанциялар мен соттарға өтініштерін талдауға ерекше назар аударылады. Нәтижесінде әкімшілік процестерді, сондай-ақ бизнесті дамытуға мүмкіндік беретін нормалар мен ережелерді өзгерту бойынша ұсыныстар әзірленеді. Шенеуніктердің әдейі адал бизнеске кедергі жасап, бопсалаумен және алымдармен айналысатын жемқорлық фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жұмыс күшейеді, - деді Олжас Бектенов.