Қайрат Боранбаев ісі бойынша куәгерлерден жауап алу басталды
Николай Рубанов сотталушылардың арасында тек Тайыр Жанұзақты танитынын айтты
Астанада кәсіпкер Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзаққа қатысты іс бойынша куәгерлерден жауап алу басталды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Куәгер Николай Рубанов сотталушылардың арасында тек Жанұзақты танитынын, онымен бірге жұмыс істегенін айтты. Ол «ҚазТрансГаз» АҚ-ның бас директорының сатып алу және активтерді басқару жөніндегі орынбасары болған.
Мемлекеттік айыптаушы куәгерден 2019 жылдың 9 шілдесіндегі «ҚазТрансГаз» АҚ мен «АзияГазЧунджа» ЖШС арасындағы газды жеткізу туралы және 2019 жылдың 16 шілдесіндегі «Газпром экспорт» АҚ мен «ҚазТрансГаз» АҚ арасындағы газды тасымалдауды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсету келісімшарты туралы сұрады.
Себебі бұл екі келісімшартқа Николай Рубанов «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының міндетін атқарушы ретінде қол қойған.
«Келісімшартты маған алғаш алып келген кезде оған қол қоюдан бас тарттым... Маған жоғары жақтан құжатқа қол қою туралы тапсырма берілмеді. Содан кейін келісімшартты екінші рет қабылдау бөлімі арқылы берді. Ол кезде де қол қоймадым. Одан кейін Сердіге (Ибулла Серді – «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның бұрынғы басқарушы директоры) бардым. Бұл келісімшартты маған үшінші не төртінші рет әкелген кез болатын. Ол барлығы келісілгенін айтты», - деді ол.
Николай Рубанов «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма мүшесі болса да, бұл келісімшартты талқылауға қатыспағанын айтты. Сондай-ақ басқарма мүшелері арасында талқыланған-талқыланбағанынан хабарсыз екенін жеткізді.
ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ ІСІ
Прокурор Бауыржан Шекеновтің айтуынша, сотталушы Қайрат Боранбаев, Роман Наханов, Тайыр Жанұзақ аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып отыр.
«Тәжірибесі бар екенін және қажетті ақпаратқа қол жеткізе алатынын ескеріп, Боранбаев, Наханов, Жанұзақ және «QazaqGaz» ҰК» АҚ лауазымды тұлғалары газ импортын пайдакүнемдік мақсатта пайдалануға шешім қабылдаған. 2019 жылдың мамырында Ибулла Серді («ҚазТрансГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары) Боранбаев, Наханов, Жанұзақпен («QazaqGaz «ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары) келісімге келіп, газ нарығындағы жағдайды өз пайдасы үшін пайдаланбақ болған. Қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін мемлекеттік компанияның қаражатын ұрлаудың қылмыстық жоспарын жасаған, Ресей газын тікелей емес, бақылаудағы компаниялар арқылы қымбат бағаға импорттауды ойлаған. Бұл істе Жанұзақтың рөлі тікелей орындаушы деп айқындалған. Оның сыбайластары – Боранбаев пен Наханов ортақ қылмыстық жоспарды жүзеге асыру мақсатында ақша жымқыру үшін өздеріне тиесілі «АзияГазЧунджа» ЖШС-ны пайдаланған. Боранбаев пен Наханов «АзияГазЧунджа» ЖШС-ның құрылтайшысы», - деді мемлекеттік айыптаушы.
Сондай-ақ Боранбаев пен Наханов ақшаны заңсыз заңдастырды деп айыпталып отыр.
Кәсіпкер Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ сот процесі барысында айыптау актісімен келіспеді.
«Маған ммлекеттік айыптаушы келтірген айыптау түсініксіз. Прокурор «АзияГазЧунджа» компаниясында газ құбыры жоқ екенін мәлімдеді. Соған сәйкес газ жеткізуге құқығы жоқ екенін айтты. Прокурор неге сүйеніп олай айтады? «АзияГазЧунджа» компаниясында қажетті инфрақұрылым бар. «АзияГазЧунджа» ЖШС негізгі мақсаты – газ сату және оны жеткізу. Барлық қажетті лицензиясы да бар, монополияға қарсы комитетке (Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті) тіркелген. Бұл оның осы қызметпен айналысуға толық құқылы екенін көрсетеді», - деді Роман Наханов.
Қайрат Боранбаев Нахановтың сөзіне қосылып, өздерін нақты не үшін айыптап отырғанын білмейтінін жеткізді.