Halyq Uni логотип
×

Талдықорғандық төрт оқушы қыздың төбелесі: полиция пікір білдірді (ВИДЕО)

Сорақысы, оларды видеоға ер бала түсіріп тұр

 Еркеғали Болатұлы 10.01.2023 | 10:15
Талдықорғандық төрт оқушы қыздың төбелесі: полиция пікір білдірді (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желілерде талдықорғандық оқушы қыздар төбелесінің видеосы тарап жатыр. Одан бір қызға үшеуінің жабылып, оны жұдырықпен аяусыз тоқпақтап жатқанын көруге болады.

Бұл видеоны (ескерту: бейнежазбада балағат сөздер бар) журналист Самал Қабышева Instagram-дағы парақшасына жүктеген. Оның айтуынша, қыздар Талдықорған қаласының кешкі мектебінде оқитын оқушылар екен. Жетісу облыстық білім басқармасы мен полиция департаментінен осы оқиғаға қатысты ресми ақпарат күтетінін жазған әріптесіміз.

Қыздардың не үшін жанжалдасқаны белгісіз. Сорақысы, оларды видеоға ер бала түсіріп тұр.

Шашынан жұлма! Шыңғыртпашы, - дейді ол, қыздарды арашалаудың орнына.

Бұл жайтқа қатысты Жетісу облыстық білім басқармасының және полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді. Білім басқармасы видеода көрсетілген жағдай бойынша анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, толық ақпаратты мән-жайға қаныққаннан кейін бір-ақ ұсынатындарын жеткізген. Ал полицейлер бейнежазбаның 9 қаңтарда Талдықорған қаласының «Самал» шағын ауданындағы пәтерлердің бірінде түсірілгенін хабарлады.

Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, әрқайсысынан жауап алынды. Барлығы – облыс орталығы мен Қаратал ауданының түрлі оқу орындарында оқитын кәмелетке толмағандар. Жанжалдың себебі анықталып жатыр. Жәбірленуші қыз өз өкілімен (әжесімен) бірге полицияға ресми өтініш беруден бас тартты. Соған қарамастан, іс жүзінде ҚР ӘҚБтК 73-1-бабында («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») көзделген әкімшілік іс қозғалды.

Сонымен қатар, ұрып-соққан күдіктілерге қатысты материалдар әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды», - делінген Жетісу облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама