Таразда жалға алынған көліктерді сатумен айналысқан ер адам ұсталды
Алаяқ танысының сеніміне кіріп, 2,5 млн теңгені иемденіп кеткен
Тараз қаласында жалға алынған көліктерді сатумен айналысқан ер адам ұсталды. Ол танысының сеніміне кіріп, Hyundai Accent және Volkswagen Polo көліктерін аукциондық жолмен сататынын айтып, оның 2,5 млн теңге көлеміндегі ақшасын иемденген. Осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 1-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция қызметкерлері Алматы облысының 31 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Тергеу кезінде күдіктінің автокөлікті екі ай мерзімге жалға алып, ақша тапқысы келген әрекеті әшкереленді. Жамбыл облысының полиция департаменті азаматтарға сақ болуға және күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді.
Бейтаныс адамдарға ақша мен мүлкіңізді сеніп тапсырмаңыз. Жеке мәліметтерді және банк карточкаларының кодтарын айтпаңыз, – делінген хабарламада.