×

Астанада ер адам 24-қабаттан секірмек болды (ВИДЕО)

28 жастағы азаматтың мұндай іс-әрекетке не итермелегені анықталып жатыр

 Динара Амантай 09.01.2023 | 13:37
Фото: polisia.kz

Елорда полицейлері 24-қабаттан секірмек болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, «102» арнасына түн ортасында Сарайшық көшесінде көпқабатты үйдің балкон қоршауында ер адам отырғаны және секіруге тырысып жатқаны туралы ақпарат түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері Ержан Айса мен Нұрсұлтан Егембай дереу жіберілді.

Оқиға орнына келген полицейлер балкон қоршауының әр жағында еңкейіп және төменге секірейін деп отырған адамды көрген. Жағдайды бағалап, уақыт жоғалтпай, тәртіп сақшылары тез арада жоғары көтерілді. Оларды байқаған ер адам өзіне жақындамауларын сұрап айқайлай бастаған. Қалыптасқан жағдайды бағдарлай отырып, полицейлер ер адаммен диалог құруға тырысты және оның алданып тұрған сәтін пайдаланып, тез жүгіріп барып, артынан ұстап, балконның ішіне тартып кіргізген. Содан кейін олар ер адамды қауіпсіз жерге апарып, стресстік жағдайды шешуге көмектесіп, тыныштандырған.

Секірмек болған ер адам Есіл ауданының полиция басқармасына жеткізілді. 28 жастағы азаматты мұндай іс-әрекетке не итермелегені анықталып жатыр. Психологтармен бірлесіп, онымен профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама