×

Бас мүфти қажылық сапарының бағасын төмендету бойынша бірнеше ұсыныс жасады

ҚМДБ төрағасы Сауд Арабиясы корольдігінің Қажылық және ұмра министрімен кездесті

 Халық үні 09.01.2023 | 11:03
фото: muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Жидда қаласында Сауд Арабиясы корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесті.

Кездесуде биылғы үлкен қажылық сапарын ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандық қажыларға қолайлы жағдай жасау бойынша министрге ұсынысын жеткізді.

Атап айтқанда, Бас мүфти Қазақстан қажыларын жеткізетін әуе тасымалының қызмет құнын халыққа тиімді бағада бекіту, отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қонақүй бағасына барынша жеңілдік жасау, қызмет сапасын арттыру, төлем жасау жүйесін оңтайландыру т.б. мәселелерге баса назар аударды.

«Елімізде қажылық парызын орындауға ниет білдірушілер саны жылдан жылға артып келеді. Біздің мақсат - қажылық сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыру. Қазақстан қажылық миссиясы осы бағытта нәтижелі жұмыс істеп келеді. Сіздер тараптан қызмет көрсету бағасына жеңілдіктер жасалса деген тілегіміз бар. Бұл қадам біздің қажыларға үлкен қолдау болар еді», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өз кезегінде САК Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа қазақстандық қажыларға министрлік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттыруға келісті.

Айта кетсек, былтыр 4 мың қазақстандық үлкен қажылығын өтеді. Оларға 14 туристік компания қызмет көрсетті. Қажыларға қызмет көрсетуге лайықты 14 турфирма конкурстық негізде анықталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама