Түркістан облысында жоғалған зейнеткердің мәйіті табылды (ВИДЕО)

Динара Амантай

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: Halyq Uni

Түркістан облысында жоғалған қарияның мәйіті егістіктен табылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Қызылту ауылының тұрғыны, 1946 жылы туған Молдабек Игенбаев 5 қаңтарда үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Арыз полиция бөліміне 6 қаңтарда тіркеліп, қарияның жүрген жерін анықтауға бағытталған барлық қажетті іздестіру шаралары жүргізілді. Іздеуге полицейлер мен еріктілер, атты ауыл тұрғындары атсалысты. Іздеуге жұмылдырылған тәртіп сақшылары әрбір үй, дүкен, адамдар көп шоғырланатын аймақтарда жоғалған егде жастағы ер адамның суретін көрсету арқылы сұрастыру жұмыстарын атқарды.

Сонымен қатар, қараусыз қалған ғимараттар, оқиға орнына жақын аумақтағы тау-тас, ой-қыр, егістік алқаптары түгел қаралып, жіті тексерілді. Хабарсыз кеткен тұрғынды аман-есен табу мақсатында полицейлермен бірге ауыл тұрғындары және еріктілер де үздіксіз, күні-түні іздеу жұмыстарын жүргізді. Қолданылған шараларға қарамастан, өкінішке қарай, жоғалған ер адамның мәйіті 8 қаңтарда сағат 17:00 шамасында «Шүрен төбе» егістік алқабынан табылды.

Мәйітті егістік алқапта сақшылармен бірге жүрген екі ауыл тұрғыны бірінші болып байқаған. Ер адамның денесін сырттай қарау барысында ешқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталмады.

Қазір сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.